Khas_Saq
ҚАЗАҒЫМ БАР АСЫЛ ҒАЖАБЫМ
(топтама)
1) Беу, қандай шерлі еді
шежірем не деген.
Шайқалып шаңырақ,
туырлық туралып,
сынғанда керегем.
Талғанда төзімім,
өлмеген үмітім.
Тағдырым сынаса
Тәңірім жебеген.
Шешенім сұңғыла,
көсемім көреген.
Қаншама қасымен алысып,
Мерт болған дос атқан жебеден.
Артынан азапты күн кешіп
Ақыры әкенің қатесін
баласы төлеген.
Тарихтан сабақ ал,
Тәуелсіз еркін ел егемен.
Тұрса да кеудеңді
алапат кек керіп,
Бауырдың қызығын
қызғанба көп көріп.
Аярлық ауылды жайласа,
Көршің кеп алады
барыңды бөктеріп
Өзекті талдырып
Көп күткен
көл қылып көз жасын.
Құрбандық шалдырып боз басын.
Азаттық бағасыз байлығың
Ал оған жат қолын созбасын.
Уайымсыз қазағым
марғау күй есінеп,
Құмартып көз салған
жат жұрт бар сесі кек
Байрағым құламай,
тұғырлы биіктен
Бағымды бір Алла басым ет.
Ұл болып туылған ұрпағың
Құл болып күн кешу қасірет.
Азаптың атасын сүйреген қазаққа
Жаратқан береке бірлігің нәсіп ет.
***
2) Тәуелсіз еркін ел егемен,
Керемет сөз еді не деген.
Тарихты парақтап отырмын,
Шежіре тарқатып көнеден.
Ойы ұшқыр сайкез оқ жебеден.
Өмірі қым-қуыт, көңілі көреген.
Мың құлаш мұхит мұң кешсе де,
Тағдыры сынаған,
Тәңірі жебеген…
Тым терең түркілік тамырым,
Тағдырға аз емес шағымым…
Рухты бабалар ерлігі
Болашақ ұрпаққа тағылым.
Алтынды ордаң да құлаған.
Кездер көп ах ұрып жылаған.
Найзағай намысты ұлдарың.
Ақырып теңдігін сұраған.
Бодандық бұғауы-ай торлаған.
Қаншама асылды қорлаған.
Төменде жүргендер бір кезде.
Төбеңде «құдай» боп орнаған.
Көп күткен көл қылып көз жасын,
Құрбандық шалдырып боз басын.
Кеудемде қобыз үн күңреніп,
Жанымды сыздатып зарыңды
қозғасын
Хайыр хош өткенге, саламат.
Ертеңге қадам бас саралап.
Тұғыры Тәуелсіз елімнің
Көш бастар көсемге аманат
Аңсатып, өзегін талдырып,
Көш бойы қайғысын қалдырып.
Азаппен алынған Азаттық,
Қазаққа болсыншы мәңгілік.
***
3) Қастерлім құранды ерімдей.
Киелім Қағба төріндей…
Сүйемін мен сені мәңгілік.
Бір бүтін жүрекпен бөлінбей.
Досымды Тәңірім сыйладың,
Биігім Ар Ождан Иманым.
Қасым да ол менің бауырым,
Өкпеге қисам да
өлімге қимадым…
Намазда Ең Ұлы Сезіммен
Алланың алдында сезінген.
Алашты сақта деп сұрадым
Жас парлап көзімнен
Байланған бар ынта назарым.
Ең құнды
ең үлкен ғажабым
Қазағым нұрланған ажарым
Қазағым таусылмас азабым.
Өр рухым өзің боп үн қаттың.
Қадірлім бір өзің қымбаттым
Тарихтың тереңін кештім де
Тым қалың сорыңа шым баттым
Даласы патшаның төріндей
Баласы өр батыр өрімдей
Сынағы қалмаған соңынан
Қорқыттың көріндей.
Қастерлім құранды ерімдей.
Киелім Қағба төріндей…
Сүйемін мен сені мәңгілік.
Бір бүтін жүрекпен бөлінбей.
***
4) Бағынады деп жер тегіс маған,
Сертке суарған семсер ұстаған.
Сойы зор текті оғыландарым,
Алып Ер Тоңға, Елтеріс қаған.
Тамырымда тасып түркінің қаны.
Тегі асыл таным ғұрпының бәрі.
Майланбаса да ұртының маңы
Ұлы мақсаты ұлтының ары
Ата қонысым, алтын бесігім.
Тамырын тартқан тарих көшінің.
Ырыс құтыңнан ырыздық теріп,
Бауырыңнан жиған халқым несібін.
Мың жылдық қалың дала
сырындай
Қастерлі елім қарашығымдай
Қазаққа бауыр тек қазақ қана
Жалғанда жалғыз жанашырымдай
Жұмыр жердегі ғажапстаным.
Аз емес сенің азап құшқаның
Мәңгілік ел бол мәуелеп бағың,
Жаңғыз Отаным Қазақстаным.
***
5) Алланы сүйдім жүрекпен анамды сүйген.
Сәждеге идім басымды әкеме иген.
Бабаларымның ақылы балама айтарым,
Атам қалтырған аманат көңілге түйген.
Отқа орануға дайынмын ұлтым үшін деп.
Құмалақ тышар жайым жоқ құлқын үшін жеп.
Бар ғұмырымды бәйгеге тігуге бармын
Ұлымның бағы тасыған бір күні үшін деп
Сүрінсем сүйер үш жұртым тасқамалымда
Арым өлшемі қызымның қас қабағында
Ұлы құндылық бар Байлық Жеті қазынам
Бас қатырар жайым жоқ басқаларына
Малым жанымның ал, жаным ар садағасы
Рухыма қуат жүректің аңсаған асы
Өзім мен өзімдікінің иесі менмін.
Өзгенің болсын көз сатар қанша таласы.
Тәлімсіз орта құнарсыз сор шыққан сортаң.
Келешегім деп таң тұрып түн қатып жортам
Әр сәтінде өмірдің өлімді ойлаймын.
Ұяттан төмен тұрамын Құдайдан қорқам
Тірнектеп жүріп жиғаным иманым берік.
Құдірет жаңғыз қосар жоқ Аллаға серік.
Адамгершілік, ар – ождан азаматтықпен
Болмысың байып қосылар көркіңе көрік.
Қасиетіңнен айналдым қарашаңырақ.
Қаланың шуы шаршатар қамаса сұрақ
Алматы бәлкім ауылдан үлкендеу шығар.
Балта Тарақтан Алатау аласа бірақ.
Жеті атам жақұт шежірем өскен өркенім.
Түтіні жұпар аңқиды өскен өлкенің
Сарқылмас мәңгі сағыныш асқар аңсарым.
Қағбадай кие құт ордам атамекенім,
*******************************
6) Кетсе де батып келмеске
кешегі тарих көшімен,
Рухыңды таптап табанға,
Ер Қазақ сені жоюға
Қаншама үкім кесілген
Мысық көз, қисық пиғылды,
Кремлдегі содырлар
содыр саясатында,
Қаншама қаулы қабылдап,
Қаншама шешім шешілген.
…,
Түсіме жиі енеді
Денесіз бастар кесілген.
Ей, есіл де есіл дүние-ай,
Көңілімді жапқан күпті ойлар,
Кетпеген әлі есімнен.
Балдағы алтын семсерлер,
сермелмей қында сынғанды ғой.
Қаным бір мұздап бойдағы,
жанарға шықтар тұнды ғой.
Қобыз кеудемде қоңыр үн,
жампозын жоқтап толғай ма,
Біздерге олқы бұл жалған,
Сіздерге арман болмай ма?.
Толағай бабам өлгенше,
топ құзғын қыршын кетпей ме,
Кешегі Алаш рухы тамырымда әлі көктей ме.
Ей қой мінез қоңыр жұртымның,
Сар табандағы назасы,
Ақ табандағы азасы,
Қорқаудай шауып шулатқан,
Қанқұйлы сол бір жауыма
Тәңірдің келсін жазасы.
Соңынан сансыз азаптың,
Тәуелсіз елмін азатпын.
Жаратқан Жаббар жебей жүр.
Қайсар ұлдарын қазақтың.
Адамнан келмей кесапат,
Алладан жаусын шапағат,
Басыма орнап ғажап күн,
Басыма орна ғажап күн.
***
ЖАБАЙЫ ЖАНТАЛАС
Өмірдің,
таусылмас тірлігі қым-қуыт қарбалас.
Құласаң сүйемес, үзілсең жалғамас.
Әркімде бір қайғы өзінше өзгеше.
Тақ талас,
бақ талас,
жабайы жанталас.
Біреулер,
сенімі сетінеп күн кешкен сергелдең,
Жүзінде уайым көңілі шерленген.
Адалдық,
әділдік күтумен ақ үйден.
Үміті үзіліп, көз жасы жерленген.
Анау бір,
көшеден сап түзеп мың көлік қаралы,
Мықтының мәйітін жерлеуге барады.
Біреулер қайғыдан қан жұтқан налалы,
Жүр, біреу жақсам деп туысқа «жағалы».
Қызығы түгесер тым қымбат көлік те.
Қызуы басылып, бастығар желік те
Су алып, қуарар нұр тамған көрік те
Төрдегі ғұмырдың нүктесі көрдегі өлікте.
Бұлжымас жалғанда бұзылмас заңдылық.
Таусылмас байлығың иман мен арлылық.
Алдамшы дүниемен атаққа көз тоймас,
Өмір сүр мәндіғып
сол ғана мәңгілік.
Өмірдің,
таусылмас тірлігі қым-қуыт қарбалас.
Құласаң сүйемес, үзілсең жалғамас.
Әркімде бір қайғы өзінше өзгеше.
Тақ талас,
бақ талас,
жабайы жанталас.
ТҮСІНУ ҚИЫН
Жанында жүрер дейді екен жаманның соры,
Қалтасы қалың бүгінде заманның зоры.
Табаның тайса жаныңда жалғанның оры,
Жаңылыс бассаң болғаның қоғамның қоры.
Пәтуә айтар төрлерде көп өсек өрген,
Үйшікте үрген үйкүшік жоқ көше көрген,
Досқа да қасқа сенім аз түсіну қиын,
Қос есеп ойлап көкейге көк есек мінген.
Арда аталардың тең келмес толарсағына,
Күдікпен қарап күн кешем болашағыма.
Қасына қарсы тұра алар құдіреті бар,
Бабам бақыты қол салған қорамсағына.
Қашқан құланға жеткізбес құбылған кезең,
Қатерді көріп тұрсам да қайыспай төзем.
Қасалысуға қайран жоқ өгейге өктем,
Қағайдың құрық бойламас қулығын сезем.
Ақымақ басым кімге пір кімге ақылмын,
Бейшара кейіп көңілді мұға матырдым…
Уақыт көшіне ілесіп ілдебайменен,
Қалың тобырмен қоса ығып бара жатырмын.