ARHETIP
АСТАНА МОЗАЙКАЛАРЫ
І. Қолшатырсыз көктем
Қайрат кабинетте қалған қолшатырын алу үшін кейін қайтуға оқталды да, райынан қайтты. Қаншама күнгі қауырт жұмыстың күрмеуі шешілгенге бөлім меңгерушісі көңілденіп, тосыннан демалыс жариялап, барлық қызметкерді өзі шығарып салып еді. Елдің соңынан шыққан Қайратқа «жарайсың» деп бір ауыз мақтау да айтқан. Осынау шуақты сәтті бұзғысы келмеді.
Сыртта шығып, баспалдақпен төменге түсті. Көктемнің мамық бұлттары көк тіреген ғимараттардың ұшар басына тиер-тиместей төменге түсіп, жөңкіле көшіп жатыр екен. Анда-санда бір көрінген күн шуағын шашып, қаланың сан-алуан бояуын қалыңдатып кетеді. Қауызын жарған гүлдер, бүршік жарған ағаштар жұпарымен мұрныңды қытықтап, көңіліңді көкке қалықтататындай. Қайрат екі езуін екі құлағына іліп:
– Жарайсың! – деді бөлім меңгерушісінің сөзін қайталап. Өзіне-өзі дән риза. Бүкіл қаланы құшқысы келгендей қос қолын жайып, кеудесін кере тыныстады да, жер бауырлап ұшқан будақ-будақ бұлттардың бауырынан сипағы келгендей өкшесін көтеріп, көкке саусақтарын созды.
Сосын күнде кешкісін автобус күтетін аялдамаға қарай емес, көше жаққа жаяу тартты.
– Көктеммен қол ұстасып жүріп қайтайын… – деді ішінен.
Көпқабатты үйлердің арасымен қуыспақ ойнаған мақпал жел жібектей сусиды. Қайрат арманға беріліп, орталық көшемен төмен қарай түсті де, Өнер академиясы ғимаратын бетке алды. Пианино іспеттес оқу орнын айналып өтсе, әр жағында үйі таяқ тастам жерде тұр. Әуел баста көлік сапырылысы тоқтамайтын орталық көшемен жүріп, Қытай қорғанындай созылып жатқан көпқабатты үйлерді жиектеп, қызыл дүкеннің тұсынан бірақ бұрылатын. Қазір едәуір уақыт үнемдейтін төте жол тауып алды.
«Мен қаланы қабылдамаймын, керісінше, қала мені қабылдайды. Міне, қысқа жолдары ашылып жатыр. Енді, Астананың, осы қозғалыстың бір бөлшегімін. Әлі-ақ әр сай-саласын, әр тасын білетін боламын. Әр бұрылыс-қиылысына естеліктерімді күзетке қоямын. Сосын тұтас қала менің өзіме айналады… Бүгін қысқа жолмен емес, ескі соқпағыма түсіп алып, ұзағырақ жолмен жүрейін. Бұл да Құдайдың беріп тұрған мүмкіндігі ғой…» – деп ойлады. Бірақ, аяқ астынан күн күркіреп, оның үлбіреген мамықтай ойы желге ұшты. Қайрат ауылда қалған әжесінің сөзін есіне алып, «көк айғыр кісінеді, көк айғыр… кісінеді…» – деді көкке жалтақтай күбірлеп. Әп-сәтте жаңбыр себелей жөнелді. Сіркіреп басталып, сәт сайын үдеп келеді. Бойжеткен көктемнің мінезін түсініп болмайсың: біресе, шұғылалы шуағын төккен күнмен күлімдейді; біресе, бұлт жастығына бетін басып жылай салады. Енді бірде, жұмбағымды тауып ал деп томсырайып жатып алады.
Қайрат жан-жағына күрсіне көз тастады. Бейне түрлі-түсті бояуы қанық армандары жаңбыр тамшыларымен езіліп, тратуардың бойымен жолдың шетінде ағып жатқандай. Енді төте жолға түспеске амалы жоқ. Ол Өнер академиясының темір қоршауына кіріп, ғимараттардың арасындағы жаяу жүргіншілер жолына қарай жүгіре жөнелді. Қолшатырын ала шықпағанына өкініп келеді. Аспан түнере түсіп, кәріне мінген жаңбыр сәт сайын үдеп, шелектеп жауа бастады. Қайрат амалсыздан бірінші кездескен ғимараттың кіреберіс есігінің қалқаншасына бас сауғалады. Жарқ етіп найзағай ойнады. Іле-шала жер-дүниені дүр сілкінтіп күн күркіреді. Қайрат ғимараттың ашық есігінен ішке қарай қалай зып бергенін байқамай қалған.
ІІ. Жаңбыр симфониясы
Ғимараттың кіре берісінен басталатын ұзын дәліз қараңғы екен. Ол көзі үйренгенше есіктің тұтқасын жіберместен демін ішіне тартып, тыныштықпен аңдысты. Сәлден соң көлеңке ыдырап, қабырғадағы нота кілттерінің сұлбасы көріне бастады. Ұзын дәліздің екінші шетіндегі құшағын айқара ашқан зәулім ағаш есіктен әуен төгіледі. Сиқырлы әуен Қайратты жетекке алып, ырықсыз алға қадам бастырды. Ағаш есіктен имене кіріп, жан-жағына қарап еді, қаз-қатар орындықтар самсап тұрған ескі концерт залы екен. Қабырғалардағы түрлі суреттер көмескі көрінеді. Жарығы жанған сахнада қызыл көйлекті ару пианино ойнап отыр. Ақ-қара пернелерді асықпай басып, көңілге жағымды әуен шалықтатады. Қайрат күртесінің түймелерін босатты да, шеткері тұрған орындықтардың біріне жайғасты. Ғажайып әуенді бұзып алмайын дегені ме ашық қалған есікті жаппады. Ару қыз біресе жарысқан ноталар тізбегі арасында аласұрып, енді бірде әуенмен бірге үзіліп кетердей баяу ойнайды. Қайраттың көз алдына қанатын қатты-қатты қағып, биікке көтерілген, сосын қалықтап тұрып алған қарлығаш елестегендей болды. Бос залды кезген әуенге ашық қалған есіктен енген жаңбырдың үні қосылып, бойы сыйқырға бөленді.
Әуелеген пианино үні тоқтаған сәтте Қайрат қалай қол шапалақтағанын өзі білмей қалды.
– Сіз кімсіз? Бұнда не істеп жүрсіз? – деді ару орнынан атып тұрып. Дауысы қатқыл шықты.
– Жаңбырдан тығылып, сіздің әлемге тап болдым. Әдемі ойнайды екенсіз… – деп Қайрат ағынан жарылды.
– Рахмет.
– Бөгет жасасам, кешірім өтінемін.
– Бүгін «Бәйтеректе» академия атынан өнер көрсетемін. «Тәуелсіздік құрдасы» деп шақырған, – деді қызыл көйлекті ару қайта пианиносына үңіліп, – соған дайындалып жатырмын…
Қайратқа қыздың ашық мінезі бірден ұнады.
– Музыка – адамзатқа ортақ тіл. Өнердің бекзадасы. «Поэзия үнсіз қалғанда – музыка басталады» деген сөз бар. Рұқсат берсеңіз, концертіңізді тамашалайын…
Қайрат батылдана сөйлеп, қайта орындыққа жайғасты.
– Концерт емес, дайындық… – деді қыз сүйріктей саусақтарымен пианиноның ақ-қара пернелерін сипап.
– Бола берсін. Мен өзімді концертке келгендей сезініп отырмын…
– Концертімде осылай бір ғана адам отырса ма?
– Жо-жоқ! – деді Қайрат ақталып.
– Уақытыңыз болса, тыңдай беріңіз… Егер концертімді ұйымдастырар болсам, оған бір ғана адам келіп отырса, сонда да бар оқып-тоқығанымды, талантымды аямай, сценарийді бұзбастан басынан-аяғына дейін өнер көрсетер едім. Шын өнерді түсінетіндер қай заманда да аз болған… – деді ару мұңайып, – өнер көпшілікке арналмаған.
Сиқырлы әуен концерт залының төбесіне қайта көтерілді. Жаңбыр сүйемелдеген симфония ма дерсің… Кешігіп келген көктем құсындай көңіл аспанын қанатымен шимайлайды; құлдилап төмен түсіп, шалт бұрылып көтеріледі.
Кей сәттері жаңбыр мен пианино бірге алға ұмтылады. Кейде бірі тереңге сүңгіп кетіп, екіншісі зәу көкке шығып алады. Көп ұзамай, сағынысқан ғашықтардай қайта қауышып, енді ешқашан алыстамауға, мәңгілік бірге болуға серттеседі. Сәлден соң жолдары екі жаққа кетіп, қайта қиылысады.
Жаңбырдың әр тамшысы – лайықты пернені басу үшін құлаған саусақтардай. Жерге тиіп сыңғырлайды, терезеге кеп тырсылдайды, суға түсіп шолпылдайды. Көше жақта аялдама қалқаны әсершіл тыңдармандай тарсылдатып қол шапалақтауын тоқтарар емес. Жол бойымен заулаған көліктердің су шашып өткені құлаққа талып жетуде.
Әлденеше уақыттан кейін жаңбыр саябырсып, әлем әуенге ұйыды. Қызыл көйлекті қыздың пианино пернелерімен жеткізген әр үні тіршіліктің әлсіз тамыр соғысындай, жүректің соңғы лүпіліндей. Толқын-толқын әуен сахнаның ернеуінен асып төгіліп, сырттағы жаңбырға қарай ағуда.
Әлсіз әуен айдын көлдің бетіне шағылған ай сәулесіндей дірілдейді. Қайрат залдан үнсіз шығып кетті. Қызбен танысу жайлы ой келді. Бірақ, осы бір ғажайып сәтті бұзып аламын деп қорықты.
«Өмір дегеніміз осындай үзік-үзік үздік сәттерден тұрады емес пе? Кейде соның тереңдеріне сүйгиміз деп тұңғиықтардың қараңғылығына тап боламыз. Сол кезде соншалықты бағалы, соншалықты қадірлі дүние құнын төмендетіп алады. Мүмкін оның өз сүйгені бар шығар? Тіпті, көңіл аудармай қойса ше? Одан да жұмбақ жан боп, бір сәтке көрініп, қайта жоғалып кеткеннен ұзақ есте сақталасың. Жұмбақ дүние әрқашан бағалы. Жақсы дүниенің аз болғаны жақсы. Жарқ еткен бір сәуле болып өмір бойы санасында жүрейін…» – деп шешті Қайрат.
Ерке бұлттардың көбесі сөгіліп, ашуы тарқапты. Алыстардан күннің күркірегені естіледі. Ауа-райы қайта момақан қалпына түскен. Анда-санда бір көрінген күнге тас жолдар айнадай шағылысып, көз қарықтырады. Қайрат қадам басқан сайын ғимараттан естілген әуен бірте-бірте алыстай берді…
Ол бойын шырмап алған ғажайып ауаннан шыға алмай өзімен-өзі жымиып үйінің ауласына дейін келді де, сәл ойланып тұрып, саябақты бетке алды.
ІІІ. Қала қызғалдақтары
«Сулы-жасыл» бульвары бойымен асықпай қадам басқан қызыл көйлекті бойжеткен тоқтады да, аспанға көз салып терең күрсінді. Қайдан есіне түскені белгісіз, естеліктер тізбегі алды-артын орап, көңілінде сағыныш желі есе жөнелген. Бейне келмеске ұшып кеткен аққу қанат күндердің бір қауырсыны қалбалақтап кеп, діріл қаққан көңіл көліне қонғандай. Ол тұла бойын орап алған шырмауық ойлардан арыла алмай, жақын маңдағы орындықтардың біріне отырды да, мойнын созып бульвар бойындағы жүйектерге гүл көшеттерін отырғызып жүрген адамдарға, гүл қауыздарынан көтерілген «Бәйтерек» монументіне қарады.
Жан-жүрегін өткеннің жаңғырығы шарпып, құлағына сыңғырлаған күлкі естілгендей болды. Гүлдердің жұпар иісі мұрнын жарып барады. Елес-сағым аруды құшағынан босатар емес. Бұндай күйге тап болуы «Бәйтеректегі» концертте ойнаған әуеннен бе екен деп ойлады. Ұстазының: «Кейде пианинода ойнайтын туындыға жан-дүниеңмен берілсең, ол бойыңа өтіп кетеді де, екі-үш күн «уысынан жібермей» қояды… Шығармамен ауырып қалу деген сол… Егер одан тезірек құтылмасаң тағдырыңа айналып кетуі ғажап емес. Өнердің қаупі де осы…» – дегені есіне түсті. Қанша серпілейін десе де, түмен-түмен ойлардың құрсауынан шыға алар емес. Мына гүл көшеттері әлде түсінде көрген, әлде қиялынан жасап алған оқиғаға жетелегісі келгендей ме, қалай?
«Бір дүниені шын көңіліңмен армандасаң алдыңа айналып келе беретіні несі? Бүгін таңертең оқу ғимаратының ескі залындағы дайындық үстіне қиялындағы шашын кейін қайырған жігіт қолына Шұбайқызыл шоқысының қызғалдақтарын ұстап келгендей болды емес пе? Гүл шоғын пианино үстіне қойып, бұдан көз алмай қарап отырғандай сезілді ғой. Сондықтан да көңілі көркем әлемге қанат қақты…
Қиялымды шындық деп көре бастадым. Бетховеннің мына туындысы әбден бойыма өтіп кеткен екен. Ертеңнен бастап жеңілірек дүниені қолға алмасам…»
Ләззат қызыл қауызды гүлдерге ұзақ қарады. Сосын қайта «Бәйтерекке» көз тастады. «Бәйтерек» тәжімен аспанды көтеріп, асқақ тұр. Түсте жауған жаңбырдан түк белгі жоқ. Көкпеңбек аспанда көштен қалып қойған қозыдай бұйра жүнді бұлт кетіп барады.
ІV. Бір сәттің мәңгілігі
Бульвар бойымен асықпай қадам басып бір жігіт келе жатты. Мойнына бадырақ көз фотоаппарат асып алған екен. Ләззат Астанаға оқуға келгелі арнайы суретке де түспегенін ойлап аяқ астынан шешім қабылдады.
– Кешіріңіз, мені суретке түсіресіз бе?
– Әрине, түсірейін, – деді жігіт иығын қиқаң еткізіп.
– «Бәйтерекпен» бірге алсаңыз… – деп Ләззат шашын жөндей бастады.
– Сәл оңға қарай, гүлдерге жақын тұрыңыз, – деді жігіт фотоаппаратымен қызды көздей беріп, – бір, екі…
Жігіт фотоаппаратты «шырт» еткізді де, экранына үңілді. Әп-сәтте Ләззат та жетіп келген.
– Әдемі сурет болды, ә?
– Кәне?
– Бірақ әкеме ұнамайтын шығар… – деді жігіт.
– Мен сіздің үйге келін боп түсейін деп тұрған жоқпын. Алаңдамай-ақ қойыңыз. Фотоға қанша төлейін? Неше минутта шығарып бересіз? – деді Ләззат кішкене қолсөмкесін ақтарып жатып.
– Сізді емес, фотоны айтам, әкем – кәсіби фотограф. Көп суреттерді ұната бермейді.
– Кешіріңіз, мен басқаша түсініп қалыппын…
– Түк етпейді… – деді жігіт қыздың жүзіне жымия қарап, – сіздей сәулелі сұлуға ұсыныс жасауға онсыз да батылым жетпес еді…
Бұлттардың арасынан сығалаған күн сәулесін қолымен көлегейлеп, Ләззат та әнтек жымиды.
– Жігітке батылдық жарасады емес пе? Сонымен, фотоны қаншаға шығарып бересіз?
Намысына тиіп кеттім бе деп жігітке қарап еді, ол жайбарақат фотоаппарат объективін Ақорда жаққа қаратып: – Мен фото шығарумен айналыспаймын, – деді.
– Енді неге суретке түсірдіңіз?
– Өзіңіз емес пе «түсір» деген… Есімім – Ербол. «Тәуелсіздік құрдастары» концертіне Алматыдан арнайы келдім. Сіз жаңа ғана пианино ойнадыңыз емес пе? Бұл фотоаппарат сізді бүгіндікке екінші мәрте суретке түсіріп тұр.
– Солай ма? – деді Ләззат. – Сізді фотоға түсіріп-шығарумен айналысатын адамдармен шатыстырдым, осы маңда көп жүретін. Тағы да кешіріңіз!
– Кешірім сұрай бердіңіз ғой, тегі. «Бәйтеректің» маңынан екі-үшеуін көргенмін. Бұл сурет маған естелік боп қалатын болды.
– Әкеңізге ұнамайтын суретті естелікке сақтамайсыз-ау, – деді Ләззат Ерболға сынай көз тастап. Ол бульвардың сол жағындағы көк тіреген қаракөк түсті екі ғимараттың ұшына дейін қарады.
– Суық түс көп. Мына көпқабатты қос ұзынтұраның көк түсі шағылысып тұр. Әдемі естелік қалсын десеңіз, – анадайда тұрған сары ғимаратты иегімен көрсетті, – жылы түске қарай барайық.
Ләззат оның намыстанып тұрғанын енді байқады. Сондықтан қарсылық білдіргенім жөн болмас деп шешті де:
– Жақсы! – деді басын изеп.
Екеуі сары ғимаратқа қарай беттеді.
– Төртінші курста оқисыз ғой?
– Оны қайдан білдіңіз?
– Мен де «Тәуелсіздік құрдасымын». Есіңізде болса…
– Иә, айтпақшы солай екен-ау…
– Мен де биыл университет бітіремін. Бұйыртса, дипломды қолға аламыз. Санкт-Петербургке магистратураға құжат тапсырамын ба деген ойым бар. Ол жақта фотограф мамандар жеткілікті екен. Сіз ше? Оқу бітірген соң қайда барасыз?
Ләззат қос иығын қатар көтеріп, «білмеймін» дегендей белгі берді. Сосын көзімен жер сызды.
– Өнер академиясын аяқтаған соң, ауылға, ата-анама барғым келеді. Қай елді-мекенде ән-күй мұғалімі жоқ, сол жаққа жіберуі де мүмкін. Мемлекеттік грантты ақтау керекпіз… Айтпақшы, біздің ауылда Шұбайқызыл деген жер бар. Көктемде даланың бәрін қып-қызыл қызғалдақтар басып кетеді. Сонау көкжиекке дейін. Фотограф болсаңыз міндетті түрде ол жерді көруіңіз керек. Осы мезгілде әсіресе құлпырып тұрады.
– Сөзіңізге қарағанда ауылды сағынып қалған сияқтысыз.
– Иә, шынымды айтсам, сіз келгенге дейін ауылымды ойлап отырдым.
– Ауылыңызға баруға тілектеспін…
Олар бульвар жүйектерін жиектеп баспалдақтарға дейін келді де, төмен түсіп, сары шынылы ғимараттарға қарай бұрылды.
– Маған Астана ұнады. Таулары болса тіпті тамаша болар еді!
Екеуі де шат-шадыман күліп алды.
– Осы жер ыңғайлы-ау деймін, иегіңізді сәл көтеріңіз. Тек объективке қарамаңыз.
Ербол Ләззатты сары ғимаратқа қарсы отырғызды да фотоаппаратымен қайта аңди бастады. Шырт еткізеді де экранға үңіліп, қайта көздейді, тағы шырт еткізеді. Бір кезде ойланып тұрып:
– Жоқ, сіз күлмеңізші… Қалай түсіндірсем екен? Есіміңізді де айтпадыңыз…
– Ләззат!
– Ләззат, адамның бет-әлпеті – жанының айнасы. Сіздің көздеріңізде мұң бар. Ауылға деген сағыныш тұнып тұр. Ал сіз әдемі түсемін деп өп-өтірік жымиясыз. Бұл дұрыс емес! Сіз сағынышыңызды жасырмаңыз. Көзіңіздегі сағыныш бетіңізден де көрініп тұру керек. Ауылда қалған естеліктерге шомдым дедіңіз, ол қандай естеліктер?
Ләззат көзін төмен салды да:
– Қызғалдақтар жайлы… – деді күрсініп, – мен осы кезде қызғалдақ тергенді қатты ұнатамын…
Фотоаппарат «шырт» ете қалды…
- Әке тапсырмасы
Ербол бұл сапарында «Тәуелсіздік құрдастыры» шарасына қатысуды ғана емес, Астананың көрікті жерлерін суретке түсіруді де мақсат тұтқан еді. Мектеп табалдырығын аттаған жылы ел астанасы ауысады деп естіді. Кейін Елорданың күн сайын асқақтаған сән-салтанатын теледидардан, ғаламтордан көріп, «бір барып қайтса ғой, шіркін!» деп армандайтынды шығарды. Өткен жылы келіп-кетуге мүмкіндік болды. Бірақ, аяқ астынан ыстығы көтерілген соң, уайымшыл анасы жолға шығуына үзілді-кесілді қарсылық білдірген еді.
– «Әр нәрсенің бір қайыры бар» деген. Бұйыртса, келесі жылы өздері-ақ шақырып алады. Болады деген дүниең болмай қалса – жақсылыққа. Осыны есіңе сақтап ал! Денің сау, басың аман болса, әлі талай барасың, әзірге емделіп ал… – деп жұбатқан. Анасының айтқаны алдынан айдай шықты.
Ербол жолға әбден дайындалды. Анасы жолазық әзірлеп, әкесі фотоаппараттың құрылғыларын қайта-қайта тексерді. Астанаға барған соң ресми шарадан бөлек бір жарым күндей бос уақыты болады екен. Ұйымдастырушылар қайтар билетті ертесіне, кешкілік поездға алып қойыпты. Бүкіл қаланы аралап, жақсы кадрлар жасап алуға уақыт жеткіліксіз. Сағат алтыдан аса жарық азаяды, «тауық соқыр» фотоаппарат сапалы сурет түсіре алмасы анық. Әкесі екеуі ақылдаса келе алдын ала жоспар құрды. Ескі қаладан бірнеше кадр, жаңа ғимараттардың понорамалық суреті және ең бастысы ескерткіштерді қала қозғалысымен біртұтас күйінде түсіріп үлгеру керек. Мұны әкесі қатты тапсырды. Пойызға отырар кезде тағы бір қайталады.
– Ескерткіш қатып тұрған тас емес, ол бәрін бақылап тұрады. Сондықтан, жан-жағындағы қозғалыспен қатар ал. Сенің басты тапсырмаң осы. Бұйыртса, Астанаға жеткен соң, түстен кейін бос емессің бе? Ескі қаланы сол кезде түсіріп үлгеруге болады. Ертесі шараға қатысып шығып, кешке дейінгі уақытыңды тек ескерткіштерге арнайсың. Егер мықты сурет тауып келсең, «Лейка» сенің коллекцияңа ауысады. Сөзім сөз! – деп арқасынан қақты. – Ал, ақ жол болсын. Жеткенде хабарыңды берерсің…
VІ. «Лейка» фотоаппараты
Ол таңмен бірге оянып алып, «Тәуелсіздік құрдастары» шарасына қатысты да, «Сулы-жасыл» бульварымен өтіп, ескерткіш іздеп, «Хан Шатыр» ғимаратына қарай жүрді. Жолай шұғыл фото шығарып беретіндермен шатыстырған Ләззат есімді қызды суретке түсіріп үлгерді. Ішінен: «Енді төрт-бес ескерткішті суретке түсіріп үлгерсем, шіркін… «Алматы, қайдасың?» деп тартып тұрам…» – деп ойлап қояды.
Алматыда көзілдірігін мұрын ұшына іліп алып, әкесі күтіп отыр. «Лейканы берем!» – деп шығарып салды. Бұл Ербол үшін салмағы зор, үлкен сөз. Сондықтан, әкесіне «Түсіре алмасам – маған серт, түсірсем – саған серт!» деп айтқысы келіп еді. Әкесінің бір сөзді екі қайталамайтын мінезін жақсы білетіндіктен тілін тістеп қалды.
Ербол үшін ескі «Лейканың» орны бөлек. Оны қалайда қолға түсіру керек. «Лейка» – отбасылық антиквариат фотоаппарат! Жетпісінші жылдары Нью-Йоркте өткен «Фотографтардың әлемдік форумынан» әкелген әкесінің олжасы. Құнды дүние. Атақты «Тайм-Сквердегі сүйісу» фотосын «Лейка» маркалы фотоаппаратпен түсірген екен.
Осынау құнды бұйымға Ербол бала кезден қатты қызығатын. Әкесі ол фотоаппаратпен арнайы тапсырыстарда ғана жұмыс жасады. Қолына түссе өз-өзіне риза болып, сеанстан кейін шүберекпен асықпай сүртіп, әспеттеп қорабына салып, ең жоғарғы сөреге қоюшы еді. Фотоның әдемі шығуы аппаратқа байланысты деп ойлайтын Ербол әкесінің бұл қылығын көрген сайын ынтығы тіпті еселеніп кететін. «Шіркін, былғары иықбауын мойныма асып алып, алшаң басып жүрсем; саусағымды кезек көрсетіп, үшке дейін санап, шырт еткізсем…» – деп күні-түні армандайтын.
Арман адамның тұла бойын жаулап алса, өз дегенін істетпей қоймайды екен. Бала Ербол әкесі жоқта мықшыңдап орындық әкеліп, жоғарғы сөредегі «Лейканы» қолына ұстап көретінді шығарды. Кейін әкесінің қалпағын киіп, бөкебайын орап, фотоаппаратты мойнына асып алып, айнаның алдында өзін ең керемет фотограф қып қарайтынды шығарды.
Бірде, әкесінің ертеңгілік фотосессияға дайындап қойған «оқтаулы қаруын» ұрлап, мектепке алып барып еді. Бесінші сыныпта оқитын кезі. Үлкен қоңырауда бір сынып төмен оқитын Сәбираны іздеп жүріп тауып алды.
– Сәбира, жүр, мен сені фотоға түсірем. Менде фотоаппарат бар. Міне! – деп еді мақтанып.
– Қандай кереме-е-ет фотоаппарат! Ұстап көрейінші! – деп Сәбираның жанары оттай жанған. Қашан көрсең осылай таңғалып жүреді. «Аспан сондай әдемі!», «Қарашы, қандай биік ағаш?!», «Қандай сүйкімді қалам?!». Қарапайым дүниелерден әдемілік тауып алатын әдеті.
– Бұл әкемдікі, ұстауға болмайды. Құртып аласың. Жүр, мен сені фотоға түсіремін. Сыртқа шығайық, сен мектептің алдындағы орындыққа отырасың. Мен сені алыстан түсірем…
Содан қызық басталды дейсің. Қарда алысып жүрген сыныптастарын, еден жуып жүрген апайды, бірінші сыныпта оқитын көршінің баласын, Сәбираны сыртынан «шырт-шырт» еткізіп армансыз суретке түсірген. Фотопленка таусылғанда бірақ тоқтады.
Түстен кейін әкесі табалдырықтан күтіп алды.
– «Лейка» қайда? – деді, зілді сөйлеп. Ербол басы салбырап, кірерге жер таппай қиналды.
– Бір қызды фотоға түсірдім, апайды, балаларды…
Әкесінің ашуға берілмейтін аса сабырлы мінезі бар. Жағдайдың мән-жайын бағамдап барып, ескерту жасайтын. Ерболдың бұл қылығы сорақы болса да, сол мінезінен таймады.
– «Лейка» қайда? – деп қайта сұрады.
Ерболдың шындықты айтудан басқан амалы жоқ еді.
– Қыз сенің не тенің? – деп әкесі езу тартты, – әкел фотоаппаратты.
«Лейканы» қолына алып, айналдыра тексерді де, қызыл пердесі бар түпкі бөлмеге кіріп кетті. Өзі де қашан ұрлайды екен деп күтіп жүргендей, артық-ауыс сөз айтпады. Сәлден соң қайтып келді де, ұрысудың орнына:
– Суреттерің жақсы екен. Бірақ, бұл менің фотоаппаратым. «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деген. Әр фотографтың өз фотоаппараты болады. Оны кейін түсінесің. Енді бұл «Лейканы» алушы болма. Ол өз дәуренін сүрген. Менің өзім ерекше сәттерде ғана қолға алам. Керек болса, саған бұдан да жақсысын алып берейін, – деп басынан сипаған. Содан бастап суретке түсіру өнеріне баули бастады.
– Фотограф дегеніміз шеберлік қана емес, ол – сенің көзқарасың. Сенің мінезің, көңіл күйің. Барлығы суреттен көрініп тұру керек, – дейтін әкесі Ерболға, – алдымен фотоаппаратыңды меңгеріп ал, оның объективі – сенің көзің! Уыста тұрмайтын уақытты бір сәттік мәңгілікке айналдыратын құрал бұл. Бірақ, жыртыңдатып, кім көрінгенді түсіріп, қадірін кетірме. Өзіңді бір көздегеннен дәл тигізетін сұрмерген сезін. Тамшыдай тию керексің. Шүріппені уақытында баспасаң, не асығып ерте қимылдасаң, сәт деген – ақ түлкі сияқты, әп-сәтте көзден ғайып болады. Мысалы, күн батып кетеді, ракус өзгеріп сала береді дегендей… – деп өмірлік ақыл бергені әлі есінде.
VIІ. Такси
– Ағатай, саябаққа, «Тұран» даңғылы.
– Отыр, – деді жүргізуші.
Сәбира артқы орындыққа жайғасып алды да, сөмкесінен алақандай айна алып шығып, қысқа шашын түзеді. Сосын ашық-жарқын мінезіне салып жүргізушіні әңгімеге тартты.
– Бұл қаланың бір жақсы жағы такси ұстағың келсе жолдың жиегіне шығып, қол соза саласың.
– Иә, Алматыда да солай! – деп жүргізуші де сөйлесуге қарсы еместігін білдіргісі келгендей Сәбираны қолдай кетті.
– Ол жақта көшелерді қиылыспен айтады екен.
– Сол дұрыс қой!
– Ал бізде Өскеменде жолдың бойынан такси ұстау деген қиямет-қайым.
– Әр қаланың өз ерекшелігі болады.
– Бұл сөзіңізге жүз пайыз келісем. Тарихи ескерткіштерін, көне ғимараттарын, ауа райы мен табиғатын айтпағанда, тұрғындарының өзі бөлек келеді ғой. Өскемен кең. Адамдары асықпайды. Көшеге шықсаңыз адамдардың бәрі жайбарақат.
Сәбира мен жүргізуші рахаттанып күліп алды.
– Өскеменнен екенсіз ғой.
– Иә, саябаққа Ләззат деген құрбым шақырған, соған бара жатырмын…
– Заман жастардікі. Сендер аман болыңдар!
– Рахмет, ағай! Мінекей, мынау жолақыңыз. Алдын ала беріп қояйыншы. Әйтпесе, өткенде бір таксиге отырып, әңгіменің қызығына кіріп кеткен екенбіз, ақшасын беруді ұмытып кетіппін. Әдейі істегендей болдым. Ол кісі де әңгімеге шөлдеп отыр екен, мені жалғыз ұлына қосты ма-ау, құда түсіп, сырға салып тастады. Сөйткен «келіні» алдап кетті…
– Ондай-ондай ханның қызында да болып тұрады. Ештеңе етпес. Жолақыңды жақсы әңгімемен төлеп кеттім деп есепте. Жолдың үсті болған соң әңгімелесіп, жол қысқартқанға не жетсін?!
– Сізбен жүз пайыз келісемін!
– Әйелім маған «осы сен елмен әңгімелесу үшін таксист болып жүрген сияқтысың» деп әзілдейтіні бар. Қазіргі уақыт – сөйлесетін адам іздейтін уақыт қой. Қайда қарасаң да, телефонның бетін сипалаған жұрт.
– Рас, онлайн әлемге жіпсіз байланғандар деңіз, – Ләззат жүргізушінің сөзін тұздықтап қойды.
Арада билік құрған үнсіздікті жүргізуші өзі бұзды.
– Астана жастар қаласына айналып келеді. Олар бір-бірімен табысады. Мысалы, біздің әулеттің құдалалары осы орталық Қазақстанның аумағынан ғана болатын. Әрі кетсе Екібастұз, Павлодар, үлкен ұлымның қайын жұрты Қарағанды дегендей. Ұлдан кейін үш қызым бар. Қазір бір құдам – Атыраудан, екіншісі – Өскеменнен. Кіші қызыма Шымкенттен келіп сырға салып кетті, – жүргізуші мұртын сипап, айнадан Ләззатқа қарап, жымиып қойды. – Қалың малын алып кеп, «жолы міне», «жөні міне» деп, ас та төк сыйға көмді.
– Ол жақтың дәстүрі сол ғой, – деді Ләззат.
– Айтқым келгені, Астана кәдімгідей Қазақстанның орталығына айналды. Және жасарып шыға келді. Мысалы, ертең сен де осы жақтан біреуді жақсы көріп қаласың да, соған тұрмысқа шығасың. Сосын тағдырыңды осы жаққа байлайсың. Солай емес пе?
– Ой, ағай, тұрмысқа шығу әзірге ойымда жоқ. Үшінші курсты енді аяқтап жатырмын. Қазіргі жастар ақылды ғой, ерте тұрмысқа шықпайды. Жұмысқа тұру керек. Аяқтану керек, дегендей.
– Нағыз махаббатың алдыңнан шыққанда қақ маңдайыңнан шоқпармен ұрғандай соққы алып, есіңнен танып, қалай ұзату тойында, «Ақ жолмен» кетіп бара жатқаныңды білмей қаласың, қарағым.
Екеуі жадырап күліп алды.
– Қыз мұраты – кету деген. Оның да уақыты келер. Жұмыс-жұмыс деп отырып қалып жүрмесек, – деді Сәбира.
VIІ. Кездейсоқтық – кездейсоқ емес
Жүргізуші солға бұрылмақшы болды да, бағдаршамның қызыл жарығына іркілді. Сол кезде бір жігіт көліктің алдыңғы есігінен кіріп алды да, мойнына фотоаппарат ілген екінші жігіт көлікті айнала жүгіріп келіп, Сәбираның жанына жайғасты.
– Саябаққа тарттық, ағасы, – деді алдыңғы орынға жайғасқан жігіт. Жүргізуші қалпағын сәл көтерді де, біресе Сәбираға, біресе екі жігітке кезек қарады.
– Түсінбедім?
– «Тұран» даңғылы, аға, мен жолды білем.
– Жолын өзім де білемін ғой. Сендер неге мініп алдыңдар?
– Қол созып тұр едік, өзіңіз ғой тоқтаған, – деді бірі.
– Таксисіз бе? – деп екіншісі де артқы орындықтан басын қылтитты. Жүргізуші жымиып:
– Мен бағдаршамға тоқтадым, жігіттер, – деді екеуіне кезек қарап.
– Ойбай, солай ма еді?
– Мәссаған. Ұят болды-ау!
Екі жігіт даурығып қайта көліктен түсуге ыңғайланып еді, жүргізуші өзі тоқтатты.
– Мына қарындасымды сол саябаққа апара жатырмын. Мейлі, сендерді де жеткізіп тастайын.
– Рахмет, ағасы! – деді бірі. Екіншісі де алғысын жеткізіп үлгерді.
– Мынау өзі сән оқиға болды ғой, ә? Менің атым – Қайрат. Мына артта отырған жігіт Алматыдан Астанаға қонаққа келіпті. Өзі фотограф. Ниетіміз түзу. Құр отырмай таныстырып қояйын.
Ербол тағы басын қылтитып алға қарады да:
– Есімім – Ербол! Ербол Мұқанжанұлы! – деді.
Қайрат бір тоқтап алып, әңгімесін әрі қарай жалғады:
– Өзіміз жаңа ғана таныстық. Астананы суретке түсіріп жүр. Адасып кеткен екен, «қонақтың жаяу жүргені жарамас» деп бірге қол созып тұрған едік… Бағдаршамның жанында тұрғанымызды қайдан білейік… Сізге отырып алыппыз… Қызық болды-ау.
– Жолдарың болды! – деді жүргізуші күліп.
Қайрат артқа қарады да:
– Қарындасымызға рахмет! Сізбен де таныс бола отырайық, – деді еркінсіп.
– Сәбира…
– Мен – Қайратпын. Жаныңда отырған жігіт – Ербол.
– Есіміңіз әдемі екен, – деп Ербол басын изеді. Сосын төртбұрышты сөмкесіне қол салды, – танысқаныма қуаныштымын.
Сабира Ерболға таңдана көз тастады. Ол болса сөмкесінен фотоаппаратын алып, ұңғысын жауып, қайта сөмкесіне тоғытып, өзімен-өзі әлек боп отыр екен. Айналасына назар аударар емес. Сәбира рахмет айтқысы келді де, бөгет жасамайын деп үнсіз қалды.
Бұлар отырған көлік саябақтың алдына келіп тоқтады.
– Қанша болды, ағасы? – деді Ербол.
Жүргізуші жастарды аса ризашылықпен бір шолып өтіп:
– Жігіттер, әуре болмаңдар, қызым бағана төлеп қойған. Cендер маған емес, Сәбираға қарызсыңдар, сондықтан оған қарайлай жүріңдер.
– Мәссаған, – деді Қайрат, – жолымызды төлеп алып келді. Ұят болды-ау. Бұдан кейін қалай қарайламайсың, енді?
Емен-жарқын күлкі көліктен сыртқа төгіліп, аспанға көтеріліп, қаланы нұрландырып жіберді.
ІХ. Танысу
Қайрат көліктен жылдам түсті де, Сабираға есік ашты.
– «Ғашықтар» саябағына қош келдіңіз! Өтінемін! – деді саябақтың кіре берісінде тұрған қос ғашықтың мүсінін қолымен нұсқап.
– Рахмет! – деп Сәбира жылы жымиды.
Іле-шала түскен Ербол фотоаппаратын қолына алып, Қайрат нұсқаған ескерткішті «шырт» еткізіп фотоға түсірді. Сосын түсірген фотосынан басын алмастан:
– Бұл композицияның атауы қалай? – деді. Қайрат көліктің есігін жауып, жылдам басып екеуінің алдына шықты да, сахнаға өнер көрсетуге шыққан мектеп оқушысы сияқты бойын тіктеп тұра қалды.
– Мен бүгін сіздердің жолнұсқаушыларыңмын. «Гид» деуші ме еді, сондай… Сіздердің алдарыңызда тұрған композиция «Ғашықтар» немесе «Бақытым менің» деп аталады. Астананың жастары, ғашық жандар, жалпы жастар қауымы, мысалы, сіздер сияқты, – Қайрат «бұным қалай болды?» дегендей тамағын бір кернеп алды, – осы саябаққа келгенде «Ғашықтар» қарсы алады. «Махаббаттарың біздікіндей берік болсын! Бір-біріңді бағалаңдар, қадірлеңдер!» – деп ой салады!
– Қандай әдемі ескерткіш! Бұрын қалай байқамағам? Нағыз өнер туындысы! – деп Сәбира басын шайқап, бала сияқты қос қолын кеудесіне түйістірді.
Ербол ескерткіштен көз алмай бейқам тұрған болатын. Сәбираның мұншалықты таңданғанынан әлдене есіне түскендей, елең ете қалды. Сөйлеген сөздері де, дауысы да таныс сияқты. «Қайдан естіп едім?», «Қайдан көріп едім?» деп ойланды. Жан-жағындағы ғимараттарға қараған болып, қайта қыздың жүзіне ұрлана үңілді.
Көздері бал-бұл жанып, ернін тістеп тұр екен. Кірпігі ұзын, қасы қияқтай. Қысқа қиылған шашы өзіне сондай жарасымды. Қолын кеудесіне қойып, иегін көтеріп, ескерткішке табынғандай көз алар емес. Бойы Ерболдан сәл кішілеу. Мойнына дейін түймеленген ақ кофтасы, ұзын қаракөк белдемшесі өзіне құйып қойғандай жарасып тұр. Қызыл сөмкесі мен төпілиі көзге оттай басылады. Сондай таныс, жақын адам сияқты көрінді.
– Айтыңызшы… – деді, Сәбира көз алмай тұрған Ерболға бұрылып, таңданысын жасырмай. Ерболдың толқығаны сондай, ішінде көбелектер қанат қағып жатқандай болды.
– Иә, иә… – деді. Дауысы естілер естілмес шықты. Көзін тайдырып әкетіп, ескерткіш жаққа қарады да, басын қасып, Сәбираға қайта таңдана үңілді.
– Сіздер «бұл ескерткіштегі қыздың киімі тым жұқа» деп ыңғайсызданып тұрған шығарсыздар. Мүсін деген – өнер туындысы, Еуропадағы ескерткіштерде бұдан сорақылары бар. Бұл «Ғашықтар» ескерткіші қоғамдық талқылауға да түскен. Өткен жылдары. «Қазақ қызына, менталитетіне тән емес» деп дау шығарғандар болды. Бірақ, өнердің аты – өнер емес пе?
Қайрат самбырлап ескерткішке киім кигізген қоғам белсенділері жайлы, биліктің уәжін, даудың немен аяқталғанын айтып жатқанда, Ербол ұрланып Сабираға қараумен болды. Ұзын кірпіктерін қағып қойып Сәбира да оған көз қиығын салады. Ондай сәтте екеуі ұрлықтың үстінде кездесіп қалғандай жымияды. Күлгенде бетінде пайда болатын оймақтай шұңқырлары да, жанарын жасыра ұялғаны да таныс. Бір кезде Сәбира асығыс сөмкесін ашты да, телефонын көтерді.
– Иә, Ләззат. Келдім, тура алдында тұрмын. Ескерткіштің алдында. Иә, иә… Кәне? Көрдім-көрдім… Мындамын! – деп саябақ жақтан келе жатқан қызыл көйлекті қызға қолын көтерді.
– Құрбым ғой. Кездесуге шақырған еді. Не үшін келгенімді ұмытып қалдым қой, өзі… – деді де, күліп Ерболға қарады. Жанарында қимастық бар. Көзін тайдырып, телефонын сөмкесіне салды.
Аңтарылып тұрған Қайрат ауызын ашқанша қызыл көйлекті қыз да жетті. Екі құрбы құшақтасып амандасты да, шүйкелесе кетті.
– Сәлем!
– Сәлем…
– Қашан келдің? Бағанағы таксиден түскен сен бе?
– Иә, иә…
– Есігін ашып, әспеттеп жатқан қыз сен бе?..
– Иә… – Сәбира құрбысына жалынышты қарады да, қолын жіберместен Ерболға қарады.
– Ләззат, танысып қой. Алматыдан келген қонақ. Есімі – Ербол. Фотограф.
Ләззат Ерболға қарады да күліп жіберді. Ербол да күліп, саусағын кезеп:
– Тағы кешірім сұрап жүрмеңіз, – деді.
– Сіз бе?..
Ербол «менің кінәм жоқ» дегендей екі қолын екі жаққа жайды да, Сәбираны нұсқады. Ләззат құрбысына бір, Ерболға бір таңданып қарады. Не жолнұсқаушының ролінен шыға алмай, не әңгімеге араласа алмай шеткері тұрған Қайрат тамағын бір кернеп, үшеуіне алшаң басып жақындап, қолын созды.
– Менің атым – Қайрат. Сіз пианинода ғажап ойнайсыз! – деді жұмбақтап. Енді Ербол мен Сабира қабақтарын көтеріп, таңданыспен Қайратқа қарасты. Ләззат бір сәт ойланып тұрды да, езуін жиып ала қойып:
– Сіз бе? – деді оған да.
– Иә, жаңбырдан тығылып…
Ендігі үшеуі де Сәбираға таңдана қарады. Сәбира бетінің шұңқырлары тіпті тереңдей түсіп күлді.
– Неге маған қарайсыңдар? Бұл жерде түк түсінбей тұрған бір адам болса, ол – мен! – деді ақталып. Төртеуі бір-біріне кезек-кезек қарады. Сәл үнсіздіктен соң, Ләззат құрбысына:
– Сенің ұйымдастырып жүргенің деп ойладым… Ойлап таппайтының жоқ еді ғой, сенің… – деп шынын айтты.
– Есіңде болса, мені кездесуге өзің шақырғансың…
– Иә…
– Бұлар жолда менің таксиіме мініп алды. Екеуімен жаңа ғана таныстым. Сен оларды бұрыннан бері таниды екенсің. Мүмкін, сенің ұйымдастыруың шығар?
Сәбира сұраулы көзбен Ләззатқа қарады.
– Жоға, мен өзі Ерболмен бүгін таныстым. Қайратпен танысып та үлгерген жоқпын.
– Иә, – деп қостады Қайрат. – Ұят болар деп таныспай кетім ем… Кешірім өтінем.
Арада тағы бірер сәт үнсіздік үстемдік құрды. Қайрат Ерболға қарап еді, ол кінәлі баладай жаутаңдап үшеуіне кезек-кезек көз тастайды. Сосын, фотоаппаратының иықбауын мойнынан асырып шешті де:
– Менің кінәм жоқ. Мен қарапайым фотографпын – деді.
Барлығы жадырап күлді.
Х. «Бақытым менің»
– Ендеше былай болсын! – тізгінді өз қолына алмаса болмайтынын түсінген Қайрат белсендік танытты. – Біз саябаққа келе жатқан едік. Сендер осында кездесеміз деп келіскен екенсіңдер. Ендеше, саябаққа кірейік. Мұнда мен білетін жақсы дәмхана бар. Тағамы дәмді. Бағасы да қолжетімді. Мен сіздерді шайға шақырамын. Сол жерде еркін отырып, «мәселенің мәнісін» анықтап алайық. Сосын әркім өз жұмысымен кете береді. Сіздер тырнақшаның ішінде «өсек соғуға», мен Ерболға ескерткіштер көрсетуге. Ертең «бұл қалай болды өзі?» деп түкке де түсінбей, жан-жақта жүргенше, осы дұрыс! Танысайық, білісейік. Қалай қарайсыңдар?
Ләззат Сәбираға қарады. Сәбира басын изеді. Ерболдың да келіспеске амалы жоқ еді.
– Қонақ қойдан жуас, – деді.
Төртеуі саябақтың ішіне қарай қадам басты. Ескерткіштің жанынан өтіп бара жатқанда Сәбира Ләззаттың білегінен ұстап:
– Бұл ескерткіштің «Ғашықтар» дегеннен басқа тағы бір атауы бар екен… Бүгін ғана білдім… – деді. Әңгімені неден бастасам екен деп келе жатқан Қайрат жерден жеті қоян тапқандай қуана айғай салды.
– Айтпақшы, мен жолнұсқаушы едім ғой!
Өз дауысынан өзінің зәре ұшып кеткендей, ауызын басып:
– Гид деуші ме еді… Сондай… – деп тоқтап қалған үшеуіне сыбырлай сөйледі.
– Қайрат бізге осы ескерткіш жайлы айтып жатқан болатын, – деп Сәбира күлді.
– Иә, оны «Бақытым менің» деп те атайды екен.
– Солай ма? – деп Ләззат көзіне түскен бұйра шашын қайырып, ескерткішке таңдана қарады. Сүйріктей саусақтары жолай қызыл көйлегінің жағасын жөндеп, кеуде тұсындағы моншақ түймелерді сипай өтті. Қызғалдақтың өзі ме дерсің? Моншақ түймелері гүл қауызындағы таңғы шықтай жалт-жұлт етеді. Қайраттың сенімділігі семіп, көңілінде сең бұзылғандай алай-дүлей күй кешті. Бірақ, онысын білдіргісі келмей, бойын жинап алып, сөзін жалғастыра берді.
– Өзінің бақытына қол жеткізген жігіт қыздың бұрымынан сипап, «Бақытым менің, мына аспан да, мына бел де сенімен ғана әдемі екен ғой, қарашы, қалай құрпырып кетті!» деп тұрғандай. Қыз болса, қолын сәл көтеріп, «жаным, осынау ғажап сәтті бұзып алмайықшы! Бұл – біздің әлеміміз! Біздей бақытты жандар жоқ!» дейтіндей.
– Қандай кереме-е-ет таныстыру, айтшы, Ләкә! – деп Сәбира шыдамай Қайраттың сөзін бөліп жіберді.
Сәбираның таңдана сөйлеген дауысы Ерболды тағы да терең ойларға жетеледі. Қайдан естіп еді? Түрі де, қылықтары да таныс. Қанша ойланса да есіне түсер емес. Адамдардың есімін жаттай алмаса да, түрінен танитын фотографиялық жадысы жақсы сияқты еді. Мүмкін әкесіне көмектесіп жүргенде виньеткаға түсірген мектеп түлегі ме екен? Ондай тапсырыстарға әкесімен еріп өткен жылы ғана барды. Оның өзінде екі-үш рет қана. Өткен жылы мектеп бітірсе, биыл бірінші курста оқуы керек. Сәбира бірінші курстың студентіне ұқсамайды.
Ербол қалың ойдың құшағында келе жатып, Қайраттың «солай емес пе?» дегеніне елең ете қалды.
– Ойланып кетіпсіз ғой, фотограф мырза? – деді Сәбира сыңғырлай күліп.
– Иә, кешіріңіздер. Сұрақты естімей қалдым. Қайталап жібересіздер ме? – деді ол ыңғайсызданып.
– Сұрақ болғанда, ұсыныс деген дұрыс шығар, – Қайрат қайта тәпіштеп түсіндіре бастады, – мына ғимараттың қақпаға ұқсайтын аркасынан «Бәйтерек» монументі әдемі көрінеді. Соны суретке түсіріп алса, жақсы кадр болар еді деген ой ғой, баяғы…
Ербол фотоаппараты салынған сөмкесін жүре ашып, қақпа жаққа бір қарады да, басын шайқады.
– Ондай суреттер ғаламторда жетіп артылады. Менсіз де талайы түсірген. Одан да үшеуіңізді «Ғашықтар» композициясымен түсіріп алайын. Ондай фотоны әлі ешкім түсірген жоқ, – деді. Қайрат бірден қолдай кетті.
– Міне, өз ісін білетін маман! Ал келіңіздер!
ХІ. «Қандай керемет фотоаппарат!»
Ербол фотоаппаратын шығарып, объективін ашты. Сөмкесінің жан қалтасынан белі бүкір жарқылдағышты алып шықты. Оны фотоаппараттың үстіңгі жағына мұқият орналастырды. Бір тетіктерін бұрап, батырмаларын басты. Фотоаппаратынан басқа ештеңені елер емес. Сәбираның жанына келіп, әр қимылын қызықтап қарап тұрғанын да байқамады. Былғары иықбауын мойнынан асыра іліп, жан-жағына қарады.
– Қандай кереме-е-ет фотоаппарат! Ұстап көрейінші! – деді Сәбира жанары оттай жанып.
Сол кезде ғана Ербол Сәбираның кім екенін есіне түсірді. Көз алдына бесінші сыныпта оқығанда әкесінің фотоаппаратын мектепке алып барғаны, оқушы Сәбираны дедектетіп далаға алып шыққаны, мектептің алдындағы орындыққа отырғызғаны, өзі алыстау жерге барып тізесін сәл бүгіп кәсіби фотограф сезінгені, фотоға түсіріп алғаны, балалық мекенінде қалған тәтті естеліктің бәрі айна-қатесіз келе қалды. Сол кезде «Лейка» фотоаппаратын көріп, тура осылай демеп пе еді?
«Қандай кереме-е-ет фотоаппарат!»
«Қандай кереме-е-ет!»
Бала кездегі қылықтары сақталып қалыпты. Күлген кезде бетінде пайда болатын екі шұңқыры да сол. Пұшық мұрны, таңданғанда бал-бұл жайнап кететін көздері де өзгермеген.
Ерболдың көз алмай ұзақ қарағанынан Сәбира ұялып қалды.
– Жай сұрадым. Әдемі екен, салмағы да ауыр шығар… – деп фотоаппаратты көрсеткен саусағын ауаға сурет салғандай оңға бір, солға бір айналдырды да, тез-тез басып Ләззаттың жанына барды.
– Сәбира? Сен Сәбира екенсің ғой?.. – деді де, Ербол қолының сыртын маңдайына қойып шалқақтап күлді.
– Міне, қызық!
Ләззат пен Сәбира аң-таң боп бір-біріне қарады.
– Сәбира! Таныдың ба? – деді Ербол күлкісін тия алмай. Дауысында таңданыс та, қуаныш та бар.
– Иә, – деді Сәбира көзін жыпылықтатып. – Бағана көлікте таныстық қой…
– Бәсе! Қайдан көрдім десем… Дауысы да таныс, түрі де таныс.
– Жарты сағатта өзгеріп кеттім бе деп ойласам, өзгермеппін… – деді Сәбира түк түсінбегенін әзілмен жеткізгісі келіп.
– Түк өзгермепсің, Сәбира! Әзілің де сол, жоба жоқ, – деді Ербол, – сол баяғы бүлдіршін Сәбира!
Енді Сәбира шындап сасайын деді. Сұқ саусағымен Ерболды көрсетті, өзін көрсетті, сосын ойланған болып шекесіне тіреді.
– Менің есімде жоқ. Біз қашан таныстық? Жазда? Қыста? Автобуста? – деді ыңғайсызданып.
– Мен сені фотоға түсіргенмін, есіңде ме?
– Фотоға түсуден қол тимейтін жастамыз, есімде жоқ. Қашан? Қай жерде?
– Мектепте ше? Сен Алматыда оқыдың емес пе? Төртінші сыныпта мен сені мектептің алдына алып шығып, орындыққа отырғызып, суретке түсіргем, есіңе түсті ме?
Сәбира Ерболға бір, Ләззатқа бір қарап ойланып тұрды.
– «Лейка» маркалы фотоаппарат болатын. Әкемдікі еді. Ұрлап алып шыққанмын. Сен фотоаппаратты көргенде тура осылай сұрадың. «Қандай кереме-е-ет фотоаппарат?!» Сен өзі «керемет» деген сөзі бала кезіңнен «кереме-е-ет» айтасың ғой.
– Сенің есімің Ербол екен ғой?! Иә, есіме түсті! Ербол, Ербол!
– Бұндай да қызық болады екен-ау!
– Дұрыс, Ербол!
– Фотоны апарып бердім емес пе?
– Иә, фото менде әлі сақтаулы! Ауылдағы үйде! Альбомда тұр! Мәссаған мәмпәси!
– Кім ойлаған, ә?!
Екеуі жарыса сөйлеп, біріне-бірі сөз бермей, жақындап келді де, не құшақтаса алмай, не осылай өздерімен өздері таңғалып тұра берерін білмей қипақтап қалды.
– Сен бойжетіп, әдемі болып кетіпсің, – деді Ербол ескі танысына сүйсініп қарап, – бірақ қылықтарың, сөйлегенің сол баяғы. Шашың ұзын болушы еді ғой?..
– Ал сен әлі фотоаппарат арқалап жүрсің. Түрің өзгеріпті. Томпақ болатынсың, өзің айтпасаң танымайды екем…
Сәбира аң-таң боп тұрған құрбысына мойнын бұрды.
– Ләззат, есіңде ме, ауылға барғанда альбомнан суретімді көрсетіп едім ғой. Төртінші сыныптағы деп…
Ләззат түк түсінбесе де басын шұлғи салды. Қайрат әңгімеге араласпай бұларды сырттай бақылап тұр.
– Сол суретті осы Ербол түсірген. Ақ сарафан, ақ колготки, үлкен қара етікпен түскен сурет. Сен мені мазақтап едің ғой… – деді Сәбира күле сөйлеп.
Ләззат қандай сурет екенін ұмытып қалыпты. Екеуінің альбом көргені есінде. Сондағы суреттердің бірі болар. Сәбира ренжіп қалар деп қорықты да:
– Иә, иә, есімде, – дей салды.
– Мен алтыншы сыныпқа дейін Алматыда оқыдым ғой. Ербол бізден бір сынып жоғары оқыды. Әкесі де фотограф болатын.
Қайрат үшеуіне қарай жақындап келді де:
– Құдай кездестірем десе, осылай да кездестіре салады екен-ау… Ал енді фотоға түсейік. Шешінген судан тайынбас деген. Қалғанын жолда, дәмханада жалғастырамыз, – деді.
ХІІ. Танысу
Олар еңгезердей дәмхананың екінші қабатына көтерілді де, «Бәйтерек» монументіне қараған терезенің жанындағы төрт адамдық үстелге жайғасты. Дәмханада адам аз екен. Естілер-естілмес жеңіл музыка жанға жайлылық сыйлайды. Қоңыр қабырғалар, әр жерде жанған сарғыш шоқ-шоқ шамдар, белі буылған перделер көңілге сабырлық ұялатқандай.
– Ал, Ербол, сен сырттан келген адамсың. Бүгін біздің қонағымызсың. Таңертеңнен бері тамақ ішетін уақытың да болмады ғой, қарның әбден ашқан шығар, қысылма, тапсырыс бере бер! – деп Қайрат мәзірді Ерболдың алдына ысырды.
– «Бәйтеректе» фуршет болды. Шайға қанып алғам…
Қайрат шындап ренжи сөйледі.
– Сөзді қой. «Тамақта – ұяттық жоқ» деген. Қыздар, сіздер де мәзірді қолға алыңыздар. Мен танысқаныма бек қуаныштымын! Шыны керек, біз өзіміз танысқан жоқпыз, – бізді таныстырды. Кім таныстырды? Ал, қайсыңыз айтасыз?
Ләззат бұйра кекілін қайырды да, көзін сығырайтып Қайратқа қарап ойланып тұрды да:
– Тағдыр ма? – деді.
– Тағдыр… – деді Қайрат соншалықты ризашылықпен. Сосын ішкі әлеміндегі әлдекімдердің де солай жауап бергенін құптағандай басын изеп, Ләззаттан көзін алмастан:
– Тағдыр! – деп қайталады. – Дәл таптыңыз!
Қайрат қойған сұрағының жауабын өзі алдын ала білсе де, «тағдыр» деген сөзді ғұмырында алғаш рет айтып, мән-мағынасын енді түсінгендей, салмағын жаңа сезінгендей күй кешті.
– Тағдыр! Ендеше, тағдыр таныстырған күнді сіздерге атап өтейін, тапсырыс беріңіздер! Ербол сен не таңдадың?
– Тағдыр емес – жаңбыр шығар? – деді Ләззат.
– Жаңбыры несі, тағы? – деп Сәбира сөзге араласты. Ербол да фотоаппаратын үстелге қойып:
– Біз өзі бәріміз бұрыннан таныс болып шықтық па, не боп кетті, өзі? Сендер де бір-біріңді бұрыннан танисыңдар ма, сонда? – деді.
– Ләззат, бағана айтамын дегенсіңдер, ал, бастайық!
Қайрат үстелдегі бос стақанды қасықпен сыңғырлатты. Сосын тамағын кернеді.
– Құрметли ханымдар мен мырзалар! Былай жасайық, кім-кімді қалай танитынын айтып берсін. Өзі жайлы да айтсын. Кеңінен таныса отырайық. Сонша асығыс емес шығарсыздар? Және арамызда қаншама жылдан кейін кездесіп отырғандар бар. Қаншама сағаттан кейін де кездескендер жоқ емес…
Қайрат Ләззатқа қарап жымиып қойды. Саябақтағыдай емес. Бой үйретіп, батылданып алған.
– Мен негізі Ләззат шақырған соң келген едім. Бірақ, Ерболды кездестірдім. Енді… Ләкә, бір-екі сағат уақытымыз бар ғой, иә? – деп Сәбира Ләззатқа қиыла қарады. Ләззат құрбысына жұдырығын түйіп, «бәлем, сені ме?» дегендей көзін сығырайта жымиды. Көзін сығырайтқанда кірпіктері тіпті ұзара түсіп, өзі аса сүйкімді болып кетеді екен. Қайрат енді Ерболға қарады.
– Тағы да «қонақ қойдан жуас» деген мақалды айтудан басқа амалым жоқ, – деді Ербол.
ХІІI. Қайрат
Осы сәтте даяшы келді. Ербол «Ташкент» палауына, қыздар «үгітке» көнбей ыстық тамақтан бас тартып, тәтті-дәмдіге тапсырыс берді. Бірақ, Қайрат сонда да алған бетінен қайтпай, даяшының тілдей қағазына ортаға табақпен келетін әр түрлі ет ассортиін, екі-үш салат, шәйнекпен шай, нан жазғызды. Сосын орындығына ыңғайлырақ отырып алды да, әңгімесін бастап кетті.
– Ендеше, бірінші болып өзім бастайын. Сәбира мен Ләззат құрбы екен. Ербол мен Сәбира ескі таныстар. Үшеуіңмен бүгін танысқан мен ғана. Есімім – Қайрат, бағана айтқанымдай.
– Әлі өзгерткен жоқсың ғой? – деді Сәбира әдеттегідей әзілдеп.
– Өзгертіп үлгермедім. Өзгерткім де келмейді. Марқұм әкем Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың құрметіне арнайы қойған екен. Ол өзі де алаңға шыққан. Сол үшін оқудан қуылыпты. Менен кейінгі бауырымның есімі – Ербол!
Қайрат Ерболға қарады.
– Менің Ләззат деген сіңлім бар, – деп Сәбира күлді, – әзілім емес, шын сөзім, Ләкә, айтшы!
– Қайратқа сөйлеуге мүмкіндік берсеңші енді, жаным-ау! Білем ғой, Ләззатты, – деді құрбысы. Қайрат қайта сөзін жалғады.
– Тоқсан бірінші жылғымын. Бірақ, мектепте тоқсаныншы жылғылармен оқыдым. Әріпті ерте таныған соң алты жасымда сабаққа барыппын. Үйдің үлкенімін. Ербол, сосын үйдің кенжесі Айғаным, үш баламыз. Анам ауылда. Жамбыл облысы. Жоғарғы оқу орнына осы жаққа түстім де, содан қалдық. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдағам. Өткен жылы ғана. Кішігірім компанияда қызмет жасаймын. Аудармашы-ұйымдастырушы дегендей. Жұмыс болған соң жүктеген дүниенің барлығын жасап жүре бересің. Үй жалдап тұрам. Музакадемия жақта. Желтоқсан көшесі, он алтыншы үй. Қонаққа келемін десеңіздер, есігім ашық. Алматының тілімен айтқанда, Желтоқсан-Сейфулин қиылысы. Екінші курстан соң жатақханадан орын берген жоқ. Балалармен бірігіп жалға алғанбыз. Бір бөлмелі. Қазір өзім ғана қалдым. Бұлай жалғаса берсе, сол үйді сатып алатын шығармын.
Кеше компанияның он бес жылдығы аталып өтті. Екі ай бойы дайындалдық. «Тойдың болғанынан – боладысы қызық» емес пе? Дүркіреп өткіздік. Бүгін бастық риза болып, кішігірім жиналыс өткізді де, бәрімізге демалыс жариялады. Енді өздері тойлатып жатқан шығар. Кешелі бері сол ғой, оларда…
Содан жұмыстан шығып, бастықтың мақтағанына масайрап, менен керемет адам жоқ, тісімнің арасынан ысқырып қойып үйге жаяу тарттым. Ауа райы да тамаша. Бір ойым, төсегімді ерттеп мініп, екі айғы шала ұйқының кегін қайтару болды. Бір ойым, жұмысқа тұрғалы адам сияқты саябаққа да бармаппын, жұмыс-жұмыс деп өзімді аямай арбаға жегіп жүре бергем. Серуендеп қайтсам ба екен дедім. Сөйтіп, екі ойдың ұшығын ұстап, аяғымды алшаң басып келе жатқанмын, табан астында жаңбыр жауып кетті. Сасқанымнан төте жолға түстім. Ал кеп жаңбыр шелектеп құйсын, ал кеп құйсын. Бала кезден найзағайдан қорқатыным және бар. Қой бағып жүргенде қойды тастап ауылға қашып кететінмін. Сол үшін әкейден талай таяқ жегенбіз. Найзағай шатыр-шұтыр ете қалды. Қорыққанымнан музакадемияның бір ғимаратына кіріп кеттім. Сөйтсем, үлкен концерт залы. Бір айдай сұлу ару жеке концертін беріп жатыр екен.
– Солай ма? – деді Ләззат жымиып.
– Зал лық толы. Әйтеуір, шеткірек бір орын тауып алдым да, жайғастым.
– Бірден келісіп алайық. Өтірік айтуға болмайды! – деді Ләззат қолын көтеріп. Қайрат орнынан қозғалақтап күлді де, сөйлеуін жалғастыра берді.
– Өтірік айтып жатқан жоқпын, әсірелеп жатырмын.
– Залда адам жоқ деңіз, – деп Ләззат түзеткісі келді.
– Жарайды, ару қыз жеке концертін беріп жатыр екен. Бірақ, залда жан баласы жоқ. Мен шеткірек бір орынға жайғаса салдым.
Сәбира Қайраттың жұмбақтап сөйлегеніне шыдай алмай:
– Сен қыз мені концертіңе шақырмағансың ба? – деп қалды.
– Дайындық қой, Қайрат «әсірелеп» жатыр, – деді Ләззат. Саусағын ерніне әкеліп, «үндеме» дегендей белгі берді. Қайрат жымиып қойып әңгімесін жалғастырды.
– Мен жалпы музыканы жақсы көремін. Бірақ, тірідей тыңдап тұрғаным осы. Және оған жаңбырдың музыкасы қосылды. Қысқасы, мен сыйқырлы әлемге тап болғандай сезім кештім. Қараңғы зал. Жарығы жанып тұрған сахна. Сүліктей қара пианино. Және өмірдің ақ пен қара пернесін қатар басып пианино ойнап отырған Ләззат!
Сәбира сыңғырлап күліп жіберді.
– Қандай кереме-е-ет! Қайрат, сіз нағыз жазушысыз! – деді, қолын кеудесіне түйістіріп, – романтика!
– Қап-қара пианино ойнап отырған қып-қызыл көйлекті Ләззатты елестетіп көрдім. Қара мен қызыл бір-бірін ашатын түстер, жақсы байқапсыз, Қайреке, – деп Ербол да сөз қосты.
– Әсерленгенім соншалық, – деді Қайрат, – пианино ойнап біткенде өзімнің қалай қол шапалақтап қойғанымды байқамай қалдым!
Барлығы шат-шадыман боп күлді.
– Иә, рас! – деді Ләззат күлкісін тыя алмай.
– Құлаштап ұрып, шапалақты «жіберіп» жатыр дейсің ғой, – деп Қайрат одан сайын үшеуінің шек сілесін қатырды.
– Ой, ішім-ай, – деп Сәбира екі иығы селкілдеп, шиқ-шиқ етіп әбден күлді.
– Содан «сіз кімсіз?», «не істеп жүрсіз?» деп тарпа бас салды. Ұрлықтың үстінде қолға түскен ұрыдай орнымда сілейіп қаттым да қалдым. «Жаңбырдан қашып келіп…», «кешіріңіз…» деп міңгірлеген болам. Билетсіз концертке кіріп кеткен кінәм тағы бар. Керемет ойнайды екенсіз деп әзер көңілін жібіттім. Сосын қайта ойнады. Тағы ұрыспай тұрғанда қашып кетейін дедім де, байқатпай шығып кеттім.
– Солай ма? – деді Ләззат көзін сығырайтып.
– Әзіл ғой, әрине. Шынымды айтсам, Ләззаттың пианино ойнағаны, өрекпіген көңілім, жаңбырдың әуені, бәрі қосылып мені жеті қат көкке көтергендей болды. Әсерленгенім соншалықты «бұл өзі рас па?», «ұйықтап жатқан жоқпын ба?», «түсім емес пе?» деп күмәндандым. Осы бір ғажайып сәтті бұзып аламын деп қорықтым. Алдыңнан тау-тасты жарып өсіп шыққан Еңлік гүлі кездессе, оны жұлып алар ма едіңіз? Мың-миллион шағыл шашып тұрған шықты көрсеңіз шерте саласыз ба? Әдемі, әсем, көркем дүниенің, сұлу сәттің бұзылмауын, сол күйінде мәңгілік қалғанын, сол биігінен аласармауын сіздер де қалар едіңіздер ғой? Мен өзім солай ойладым. Егер, маған көңілі толмаса, егер менің көңілім қалып қойса… Немесе ойнап жатқан туындыдан шатасып кетсе… Гүл ұстап жігіті келіп қалса… Содан шығып кеттім. Бірақ, танысудың реті басқа жерде күтіп тұр екен. Бұған да қуаныштымын.
Мына қызықты қараңыздар, барып тұрып, үйге кірмей саябаққа серуендеп қайтайыншы деп осы жаққа тартып кеттім ғой. Жолда Ерболды кездестірдім. Саябақты сұрады. Танысып, білістік. Көлік тоқтатамыз деп, ақымақ басымыз бағдаршамның қызыл жарығына тоқтаған таксиге отырып алыппыз. Ол таксида Сәбира бар екен. Қысқасы, біздің ақшамызды төлеп саябаққа алып келді. Сосын мен сендерді осында алып келдім.
– Таксидің ақшасы мойнымда кетпесін дейсің ғой? – деді Ербол. Қайрат Ләззатқа қарады да:
– Концерттің де ақшасы бар… – деп қосты.
ХІV. Ләззат
– Ендеше мен жалғастырайын. Мен – Ләззатпын. Есімімді анам қойған. Мүмкін Желтоқсан құрбаны Асанова Ләззатқа ұқсасын деген шығар, мүмкін сондай есім ұнаған шығар, ол жағын білмеймін. Осы жолы ауылға барғанда сұрап, біліп келем.
– Сосын кездесіп, айтып бересіз… – деді Қайрат. Ләззат басын шайқады да:
– Бекежан мырза, сөзді бөлмеңіз, – деп, әзіл-шыны аралас жауап берді. Қайрат ауызын кілттеп, кілтті лақтырғандай әрекет жасады да, екі алақаннын кезек ашып көрсетіп, кілт жоқ дегендей белгі берді.
– Жас кезімнен музыкаға әуес болдым. Нағашы ағам кездескен сайын айтады, екі-үш жасымда әнді немесе әуенді құлағым шалып қалса, жақындап барып тыңдайды екенмін. Музыка бітсе, «қосыңдар» деп жылап, ылаң шығаратын қырсық болыппын. «Сосын ауылдың завклубын шақырып алып, гармонмен ән айтқызып қоятынбыз…» дейтін. Нағашым тойдан, клубта өтетін мерекелерден қалдырмайтын. Мектепте ән айттым, домбыра тарттым. Белсенді болдық. Төртінші сыныпта «Жұлдыз-ай» лагері бар емес пе, Бурабай жақтағы, соған бір айға жолдама алдым. Лагердегі тәлімгеріміз Астанадағы музыка академиясында оқитын Шынар деген апай болды. Менің қабілетімді байқап, академияға түсу керексің деп кеңес берді. Ауылға барған соң нағашыларымның миын жедім. Олар әке-шешеммен сөйлесіп, не керек, бесінші сыныпта академияға түстім. Пианино сыныбына. Сосын университетін жалғастырдым. Енді магистратурасына тапсырып көремін. Егер түспей қалсам, университет жұмысқа жолдама береді. Қай жаққа баратыным белгісіз. Құдай біледі… Негізі Шымкент жақтағы ауылыма кеткім келеді.
Өзім жайлы айтқанды аса ұнатпаймын. Сөзге шорқақпын. Мінезім тік. Айтқанымды істетемін. Ренжісем, кешіруім қиын. Сырымды көп адамға айта қоймаймын. Кейде осы мінезіме ашуым келеді. Достарым аз, Сәбира және бірге оқитын екі-үш қыз бар.
Айтпақшы, тоқсан бірінші жылғымын. «Тәуелсіздік құрдастары» шарасында академия атынан өнер көрсетуге шақырту алдым. Таңертең соған дайындалып жатқанда Қайрат адасып, ескі концерт залына кіріп кетіпті. Менің «жеке концертіме». Шынымды айтсам, келді ме, келген жоқ па, өзім де байқамай қалдым. Музыкаға қатты беріліп кеткенде реал мен қиялдың арасында қалықтап жүрем. Бір қарасам залда ешкім жоқ. Бар адам ба, жоқ адам ба, деп ойладым да қойдым.
Такси шақыртып «Тәуелсіздік құрдастары» концертіне бардым. Сахнанадан түскен соң көңіл күйім болмай «Нұржол» бульварына шығып кеттім. Ауылымды ойладым. Өзімді, өмірімді ойладым. Астанаға келгелі «Бәйтерекпен» фотоға түспеппін ғой деп өтіп бара жатқан фотографқа фотоға түсіп, енді «шығарып бер» десем, «шығармаймын» дейді. Сөйтсем, ол – Ербол екен. Ол да «Тәуелсіздік құрдастары» шарасынан шыққан ғой. «Фотоға түсіресіз бе?» десем, түсіре салыпты. Сөйтіп, Ерболмен таныстық. Фотографтың тілімен айтқанда, «жылы суретке» түстік. Әкесіне ұнайтын суретке…
Көңіл күйім болмай жалғызсырағанда Сәбираны шақырып алатын әдетім бар. Сәбираға телефон шалғаным сол еді ғой. Ол құр келмей екеуіңізді ертіп келіпті. Негізі мен Сәбираға сіздер жайлы айтайын десем, ол сіздермен жүр екен. Міне, осындай қызық жағдай. Сұрақтарыңыз болса қойыңыздар. Мүмкіндігінше жауап берейін.
Ләззат көзіне түсе берген бұйра шашын қайырды да, бетінің қаны тамып үстел басында отырған үшеуін шолып өтті.
– Сұрағымыз жоқ! Өзіңіз жайлы толық мағлұмат бердіңіз! – деді Қайрат қолдау көрсеткісі келіп.
– Жаным сол, менің! – деп Сәбира саусақтарымен жүрек көрсетті. Ербол да елден қалмайын дегендей,
– Дұрыс-ақ… – дей салды.
– Әлі-ақ магистратураға түсесің. Сенің жеке концертіңе құшақ-құшақ гүл алып үшеуміз келеміз, – деді Қайрат.
– Бұйыртса…
ХV. Ербол
– Ал, Ербол енді сен айт, әлде «қыздың жолы жіңішке» деп Сәбираға жол бересің бе?
– Айта берсін, «ұлдың жолы – ұлы жол» деуші ме еді, қалай еді? Менде айтатындай не бар дейсің… – деп Сәбира Ерболға қарады.
– Менің атым – Ербол. Мен – фотографпын. Үйде жалғыз баламын. Сәбира бағана айтты, әкем де – фотограф. Фотограф болуыма себепкер болған адамның бірі, осы – Сәбира. Ең бірінші боп Сәбираны фотоға түсірдім.
– Қандай мәртебе! – деді Қайрат басын шайқап.
– Санкт-Петербургке өз мамандығым бойынша магистратураға оқуға түсуді жоспарлап жүрмін. Ол жақта жақсы мамандар бар. Мақтану немесе шетелге шығуға қызыққаннан емес. Өзімді осы салада дамытқым келеді. Болашақта жеке бизнесімді жүргізсем деймін. Креативті дизайнерлік орталық ашсам деген арманым бар.
Ойланып қарасам осылай өзім жайлы жан баласына айтып көрмеппін ғой. Айтатын да түк жоқ сияқты. Алматыда дүниеге келдім, Алматыда ер жеттім. Күнделікті өмірім: фотоаппарат, фото, компьютер. Осы үшеуі. «Бермуд үштағаны» дегендей. Айтпақшы, акварюмім бар. Бесінші сыныптан бері балық асыраймын. Кактус гүлін жақсы көрем. Компьютердің экранынан шығатын зиянды дүниелерді бойына сорып алады деген соң өсіруді бастап, кейіннен қызығушылығым оянып, түрлерін көбейттім. Қазір бөлмем кактусқа толып тұр.
Компьютерді бұзып-жинаймын, бағдарлама орнатамын. Әкем фотограф болмағанда ІТ маманы болар ма едім деп ойлаймын. Бірақ, әкесін риза қылу үшін фотоаппарат ұстап жүр екен деп ойлап қалмаңыздар. Мен үшін фотограф болу – өмірдің мәні.
Саяхаттағанды ұнатамын. Әсіресе, табиғатқа шыққанды жақсы көрем. Ерекше жерлерді көзіңмен көргенге не жетсін, шіркін?! Бірақ, табиғатты түсірген суреттерді көп жарияламаймын. Менің негізгі объектім – адамдар. Бет-әлпетті, мимиканы, эмоцияны, түрі ерекше адамдарды фотоға түсірген ұнайды.
– Сен бізді «түрі ерекше» адам деп фотоға түсіріп жүрген жоқсың ба, өзі? – деп Сәбира қалжыңын айтып, кім күледі екен дегендей көзі жылт-жылт етіп, Ләззатқа бір, Қайратқа бір қарады.
– Бірінші сені түсірген… – деді Ләззат мырс етіп.
– Болды, саған ренжіп қалдым… – деп Сәбира сөзден жеңіліп, қабағын түйді де, көзін төмен салды. Ербол жымиған қалпынан таймай қос құрбының сөздерін тыңдап алып, әңгімесін әрі қарай сабақтай берді.
– Негізі, әр адамның бет-әлпеті, жаратылысы ерекше болады. Адам деген қайталанбайтын даралық қой. Түрі ұқсайтындар табылып жатады. Бірақ, екі абсолютті бірдей адам жоқ. Көз қарашығындағы тор, саусақтағы таңба дара, адам да жалғыз. Қайталанбас жаралыс. Мүмкін, осы ғаламатқа қызыққандықтан шығар. Мүмкін, адамның жан-дүниесіне деген қызығушылықтан ба? Менің эмоцияға ерекше назар аударатын себебім, онда өмір бар сияқты. Әкем: «Адам жанының көрінісі эмоциядан көрінеді» – дейді. Мен осы пікірмен толықтай келісемін. Сәбираны фотоға түсіргім келгені де сондықтан. Оның жан-дүниесі жанарынан, бет-әлпетінен көрініп тұрады. Мен фото туралы сөйлесем ұзаққа кетіп қаламын. Эмоция, адамның бет-пішіні туралы, жалпы психологиялық кітаптарды оқығанды жақсы көрем. Тренингтер болса қалмай барамын. Сондықтан мені психолог-фотограф деуге болады.
Айтатын түк жоқ сияқты деп алып, сайрап отырмын, ә? Мені де «Тәуелсіздік құрдастары» концертіне оқу орнымнан жіберді. Шарада Ләззатты фотоға түсіріп алғам. Шыққан соң «Нұржол» даңғылында тағы жақсы кадрлер жасадық. Бірінші түсіргенді білмеймін, әлгі сары ғимараттың қасына барып түскен сурет ғаламат болды. «Әкесіне ұнайтын сурет» деп отырғаны сол. Әкем екеуіміздің арамызда бәс бар еді. Бұйыртса, Ләззаттың фотосы сол бәсті менің пайдама шешу керек. Бағана да айтқам. Бұйыртса электронды почтамен салып жіберемін. Әкем Астананың ескерткіштерін қала қозғалысымен бірге суретке түсіріп әкел деп тапсырма берген. Бір үлкен кісіден «жақын маңда ескерткіш бар ма?» деп сұрап едім, ыңыранып, бұлданып, «оны қайтесің?», «басқа жұмысың жоқ па?», «еріккеннің ермегі…» дей ме, әйтеуір, жөнін айтпай, әбден ашуыма тиді. «Айтасыз ба, жоқ па?» деп шорт кесіп ем, «былай қарай» деп бағыттап жіберді. Әлі келе жатырмын, бері келе жатырмын. Айтқан ескерткіші тіріліп кетіп, менен қашып жүргендей болды. Содан Қайратты тоқтатып сұрадым. Қайрат мені қайтадан осы маңға алып келді. Бір жағынан ескерткіштерді өзім көрсетіп, өзім таныстырамын дегенге қызығып кеттім. Әрі қарай білесіздер. Сәбираның таксиіне отырып алдық. Айтпақшы, Сәбираны таксиден түскен кезде «Ғашықтар» ескерткішіне сүйсініп тұрды ғой, сол кезде шырамыттым. Өзінің әдеті ғой, қолын кеудесіне түйістіреді де, «қандай кереме-е-ет!» дейді. «Қайдан көрдім?», «кім еді?» еді деп көп ойладым. Ақыры есіме түсті. Дым өзгермепті.
Бұйыртса, бүгін кездескен ескерткіштерді фотоға түсіріп, кешкісін Алматыға жол жүру керек. Артық жүк алмай, осылай шыққанмын. Осы қалпыммен поездға отыра салам.
Ләззатпен, Қайратпен танысқаныма қуаныштымын! Сәбирамен кездескенім қандай ғажап болды. Енді жоғалмай, бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз деп ойлаймын!
– Мәссаған, мына кісі поездға отырып бара жатқандай қоштасты ғой?! «Ал, жақсы, аманшылық болсын!» деп қол бұлғап қой… – деді Сәбира әдетінше қалжыңдап. Өзі алақанын сүйіп, үрледі де, қолын бұлғады. Ербол жылы жымиды.
ХVI. Сәбира
Сәбира шәйнекті қолына алып, әспеттеп шай құя бастады.
– Келін болуға жарап тұрмын, ә?
– Барлығыңа ас болсын! Ербол, соғып ал. Ортадағы дәмнен де алып отыр.
Қайрат күлшені төртке бөліп, біреуін Ерболдың алдына қойды.
– Енді Сәбираны тыңдаймыз. Ал, сөйле, Сәби!
Cәбира қант салған шайын ұзақ араластырып, ойланып отырды да:
- «Тағы іште қалады айтылмай соншама ой,
Кетеміз аптығып.
Өмірге қант қосып алуға болса ғой,
Тәтті қып…»
Осындай өлең оқыдыңдар ма?
Үшеуі «білмейміз» деп бастарын шайқады.
– Менің сүйікті ақыным… – деп қасығын кесесіне сыңғыр еткізді.
– Атымды Сәбира деп әжем қойған. Алматыда дүниеге келдім. Балалық шағым сол жақта өтті. Мектепке бардым. Ең қызықты, балдай тәтті кездерім Алатаудың баурайында өтті. Әлі күнге дейін Алматыға барсам, балалық шағыма қайта оралғандай күй кешемін. Ербол екеуміз бір мектепте оқыдық. Бірақ, алтыншы сыныпқа дейін ғана. Қамсыз, мұңсыз кездерім ғой, шіркін. Бағана Ерболды таныған кезде сондай ғажап күй кештім. Балалық шағымнан сәлем алып келгендей болды. Әкем мен мамамның да өмірінің шуақты кезеңдері сол қалада өткен. Алматы менің жүрегімде үлкен орын алады.
Сосын біз Астанаға көшіп кеттік. Алматыны қиып кету маған да ауыр тиді… Жалпы біздің отбасымызға оңай болған жоқ. Астананың қысы суық, әрі ұзақ. Қала енді аяғынан тұрып жатқан кез. Танымайтын орта, бөтен жер. Тау дегенің атымен жоқ. Кейде жел соққанда ұшып кете жаздайсың. Өзі өтімді. Содан мен «Алматыға кетем» деп жылай береді екенмін. Бірақ, әкемнің жұмысы осы жақта болды. Ол құрылысшы еді. Мен күні бойы мамамның жанындамын, мектепке алып барады, алып келеді. Бір бөлмелі пәтерде тұрдық. Қазір ойлап отырсам, соның өзі бақыт екен. Бір бөлме болса да, кең жайлаудай. Бастысы отбасымыз толық. Бір жылдан соң Ләззат деген сіңлім дүниеге келді. Маманың бөпеге көп көңіл бөлетініне ашуланатынмын, кейіннен екеуіміз бірге күтетін болдық.
Ләззаттың алты айлық кезінде әкеміз жұмыстан келген жоқ. Жоғарғы қабаттардың бірінде сақтандырғыш белдіксіз жұмыс істеп жүріп, құлап кеткен екен…
– Иманды болсын!
– Жатқан жері жайлы болсын! – деп Ербол мен Қайрат кезек көңіл айтты.
– Әмин… Артында қорғансыз біз қалдық. Қанаты қатаймаған балапандардай… Ұяда шырылдап… Мамам қатты күйзелді. Алматыдан туыстар келді. Көңіл айтушылар келген сайын, жоқтау айтылған сайын өмір тозақтай боп кететін. Сосын бізді көрші үйге апарып тастады. Бірнеше күн сонда болдық. Мамам Ләззатты екі-үш тәулік бойы емізбей қойды. Ол шар-шар етіп жылайды. Қазір ойласам, жаным түршігеді. Айтқым да келмейді. Сегізінші сыныпта оқитын кезім ғой.
Ол кезде құрылыс алаңдарында бұндай оқиға жиі болып тұратын. Жан-жақтан жұмыс іздеп келген халық. Қала қаптаған құрылыс. Қара жұмысқа құжатсыз-ақ күніне жалданып тұрып алуға болатын кез. Жазым болып жатса, құрылыс компаниялары аз-маз тиын-тебен беріп құтыла салады екен. Әкемізге де солай еткісі келді. Жетісі өткен соң, кәстөм киген, галстук таққан адамдар келді де, шешеммен ұзақ сөйлесті. Әкем қайтыс болған күні бір келіп кеткен-тін. Бұл жолы мама қатты ашуланды. Үйде нағашы ағам, атам мен әжем, тағы да басқа туыстарымыз бар болатын. Әжеміз Ләззат екеуімізді есік алдына алып шықты. Кәстөмдегілер кеткен соң үйге кірдік. Мама теріс қарап жатып алған. Кейін сөздерін бақсам, бір жылдық жалақысы, тағы бірдеңесі дегендей ақша әкеліп, істі жабайық деген ұсыныс айтыпты. Жаңағы нағашы ағам заң орнында қызмет атқаратын. Жарты жылдай соттасып жүріп, әкем құрылысын жүргізген үйден үш бөлмелі пәтер алғызды. Өтемақысы деп. Біз ол үйге бір жылдан кейін кірдік. Мамам басында сатып жіберіп, басқа пәтер аламыз деген. Кейіннен ол әңгіме ұмыт болды…
Мен оқуымды жалғастыра бердім. Он бірінші сыныпта ұлттың бірыңғай тест тапсырған кезде Ләззатпен қатар отырдым. «Қазақ тілінен көмектесіп жібересің бе?» десем, «математикаға қалайсың?» деп қояды. Тест нәтижесін білуге келгенде таныстық. Бірден араласып кеттік. «Менің қазақ тілім қалай екен?» деп сұрады, «менің математикам сияқты» деп жауап бердім. «Ендеше жаман емес!» деп күледі. Содан бері біргеміз. Нағыз құрбым деп көрсете алатын жалғыз адам осы. Өзім ұлттық университетте оқимын. Үшінші курс. Айтпақшы, бәріміз тоқсан бірінші жылғы екенбіз. Қайрат ерте, мен кеш барыппын.
– Айтпа, – деді Қайрат. – Студенттердің арасына түсіп қап, ақсақал болып отырмын.
Қайраттың әзіліне ешқайсы күлмеді. Мұңлы әңгіме үшеуін де қара ормандай қалың ойларға жетелеп, түпсіз терең тұңғиықтарға тартып әкеткендей.
ХVІІ. Дежавю
Қайрат ой құшағында отырған үшеуіне кезек-кезек қарады да, тамағын кернеп алып:
– Сендер «дежавю» деген сезім жайлы естідіңдер ме? Оның не екенін білесіңдер ме? – деді.
– Дежавю, дежавю. Естіген сөзім, – деді Сәбира, – бірақ қайдан естігенімді ұмытып қалыппын.
Ербол «білмеймін» дегендей ернін шығарып, басын шайқады. Ләззат иығын қиқаң еткізді. Қайрат үстелге жақындай түсіп:
– Дежавю деген – бірінші рет өтіп жатқан оқиғаны бұрын болған секілді сезіну. Баяғыда басыңнан өткендей сезім кешу.
– Сонымен, – деді Сәбира шыдамсызданып.
– Басқа өмірде болғандай. Немесе түсіңде көргендей. Түсініп тұрсыңдар ма?
– Иә, дежавюды адамдардың барлығы дерлік басынан өткереді екен. Кей кітаптағы оқиғаларды оқығанда бұрын басымнан өткергендей ойланып қалатын кездер менде де болған. Дежавю деген – сол. Кейіннен арнайы іздеп, психологиялық кітаптарды ақтарғам. Сонда оқыдым, – деді Ербол.
– Иә, тап бастың. Бағана төртеуіміздің басымыз қосылғанда мен сондай сезім кештім. Біз бұрын кездескен сияқтымыз. Бір жерде болғандаймыз. Осы төртеуіміз… Баяғыдан бері дос боп жүргендей «о, қалайсыңдар?» деп айтқым келіп кетті. «О, несі?» деп ойладым. Енді түсініп отырмын, менде анық осы «дежавю» деген сезім болған екен.
– Қандай әдемі естілетін сөз – «де-жа-вю», француздың сөзі сияқты! – деп Сәбира таңданысын жасырмады. Қайрат қайта сөзін жалғап әкетті.
– Сендер адам о дүниеге аттанғаннан кейін, қайта өмірге келуі мүмкін дегенге сенесіңдер ме?
– Қайрат, не айтқың келіп отыр? Бірді айтып, бірге кеттің ғой?
– Адамның есімі жалғанның жарығына келерге үш ай бұрын көкте қойылады деген сенім бар. Сосын сол есім аман-есен дүниеге келген сәбиді тауып алады: біреудің түсіне аян боп кіреді, әлдекімдердің ойына келеді, ауызына салынады, кездейсоқ қате жазылады, есіне түспей қалып таңдала салынады.
Менің айтқым келіп отырғаны, Қайрат, Ербол, Ләззат деп, немесе Сәбира деп есімдеріміз кездейсоқ қойыла салмаған. Бізге қатысты Құдайдың өз жоспары болған шығар. Желтоқсан оқиғасының құрбандарының есімін иеленіппіз. Мүмкін біз солардың өзі шығармыз? Олар еліміздің тәуелсіздігі үшін жандарын қиды. Азаттық үшін жалындаған жастық шақтарын құрбан етті. Олар қасықтай қанымен осы егемендікке қол жеткізді. Не үшін алаңға шығып тұрғандарын түсінді ғой?! Ауаға атылған оқ емес, алып империяның жүрегін көздеген жебе екендіктерін білмеді емес, білді ғой?! Оларды алаңға алып шыққан күш – азаттыққа, еркіндікке, тәуелсіздікке деген алапат махаббат еді! Желтоқсандықтар соны аңсады. Армандады. Сол жолда жазым болды. Қорлық көрді. Атылды. Кеудесінен бозторғай жаны ұшып шыққанда «тәуелсіздік аспанында қалықтасам екен» деп пыр етіп көтерілген шығар. Олардың бар арман-мүддесі – ашық аспан астында әнұраны шалықтаған, көк байрағы желбіреген, шекарасы бекіген, өз заңы, елтаңбасы, өз Президенті бар қазақ жерінде кеудесін кере демалу еді ғой?! Арманына жете алмай қыршынынан қиылды, қаһармандар… Құдайдың бізге қатысты өз жоспары бар шығар дегенім де сол. Мүмкін біз сол Желтоқсан құрбандары шығармыз? Бізді «осылар тәуелсіздіктің қызығын көрсін…» деп қайта өмірге жіберуі ғажап емес қой? Біздің Тәуелсіздік алған мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылы дүниеге келуіміз де кездейсоқтық деп қалай айтасың? Біз – Тәуелсіздіктің өзі болып дүниеге келдік. Енді міне, сол Қайраттар мен Ләззаттардың жасына да келіп қалыппыз. Ерлік жасайтын жасқа келдік. Ал Тәуелсіздік туының астында ерлік жасау дегеніміз – әрқайсымыздың осы мемлекеттің дамуына үлес қосып, мәртебесін арттыратын нағыз кәсіби маман болу! Бүгінгі білім озған заманда еліміздің еңсесін көтеретін жаңалықтар ашу! Терезесі тең, керегесі кең жұмақ жұртымызды жаһанға таныту! Міне, біздің ерлігіміз! Бұл ерліктер Қайраттың, Ләззаттың ерліктерімен тең!
Дежавю сезімін кешкенде осы бір ой санама сап ете қалғаны. Біз шынымен де сол Желтоқсан оқиғасында болған шығармыз. Мен сендерді бір жерде көрген сияқтымын. Бұрыннан таныс сияқтымын. Бұл кездесу кездейсоқтық емес. Бізді Құдайдың өзі табыстырып тұр. Жиырма сегіз жыл бұрын қылышынан қан тамған Кеңес заманында астана болған Алматыда, алаңда төртеуіміздің басымызды қосылған еді. Бүгін, міне, бізді тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Астанада жолықтырып тұр!
– Қандай кереме-е-ет! Қайрат!
– Арқама қанат біткендей болды, құрдасым!
– Жарайсың, жарайсың!
Төртеуі дастархан басынан тұрып, бір-бірімен қауышты. Сосын жұптарын жазбаған қалпы үлкен терезенің алдына келді де «Бәйтерекке» қарады. Дәмхананың ішінде «Атамекен» әнінің музыкасы құлаққа еміс-еміс естіледі…