tauelsizjan
Тәуелсіздік таңы атты!
Бейбіт ел шамын жаққаны үшін,
Байрағын көкке таққаны үшін,
Мен шексіз бақытқа кенелгем
Тәуелсіздік таңы атқаны үшін!
…Сонау алысқа, өмірде жоқ, көңілде ғана бар белгісіз бір қиянға көз тіккен қария үлкен ой үстінде отыр. Оның не ойлап, нендей қиялға берілгенін түсіне алмай балаң жүрек әлек. Бұл – атасының ойлы көздеріне өзінің жылтыраған моншақ жанарымен мазасыздана қаранған кішкентай немересінің көңілі еді. Атасынан қыпылықтаған көздерін алмастан кішкентай сары қыз әр нәрсені сұрауға ыңғайланатындай, бүршік көңілі бәрін білуге талпынатындай.
Қария терең күрсінді. Күрсінді де өзіне ғана аян әлемнен арылғандай ендігі зейінін жанында отырған немересіне аударды.
– Ата-ау! – деді әзер отырған кішкентай қыз, – Анау алыста бұлдыраған не нәрсе?
– Көкжиек қой, балапаным, – деді атасы қайта ойға батып. – Оған қусаң да жетпейсің, ұмтылсаң да ала алмайсың…
– Неге?
- Өйткені, қазағымның даласы, шіркін, дархан ғой. Шеті-қиыры жоқ кең далада қазақ болып өмір сүргенге не жетсін?!
- Ата, ата! – деді қайта немересі. – Біз сондықтан да жаз шыққанда осылай далаға көшеміз бе? Сізге кең дала ұнайды ма?
- Ақылыңнан айналдым! – деді атасы қуана, – Иә, мен өз халқымнан дарыған дархандықты ұнатамын. Осылай жаз жайлауға шығып, кең далада тай-құлындардың таласа асыр салғанын рахаттана тамашалайтыным да сондықтан ғой, көкешім!
Сонан соң немересіне қарап отырған қария көзін қайта бір нүктеге қадап күрсіне тіл қатты:
- Бұл дала нені көрмеді десейші, құлыным?! Аштықты да, жұтты да, дұшпандардың қанкөй шайқасын да, ядролық қарулардың зардабын да талай тартты-ау бұл мекен. Қан сасып, сол аза күндердің өртінен тықыр жері ғана қалып еді-ау…
- Бірақ, ата… – деді пәк көңіл балапан өзінше ой қорытып. – Ондайдың еш белгісі жоқ қой. Қарашы, жайқалып теректер өсіп тұр. Ал, мына жайнаған қызғалдақтар ше? Жап-жасыл кілем сияқты шөптер де керемет емес пе?
- Әрине. Бұлардың бәрі уақыттың өрнегі ғой, қалқам. Ол зобалаң заманнан бері талай ғасыр, талай жыл өтті. Ендігі еліміздің өмірі адам танымастай. Тәуелсіздік алғаннан халқымыздың басынан тек шуақты күндер өтуде…
Немере қыз ойланып қалды. Өзінің білместігіне ұялғандай қызара тіл қатты:
- Тәуелсіздік деген не, ата?
- Тәуелсіздік деген – ғажап ұғым. Ашық аспан, жарқыраған күн, саф ауа, бозторғай әнінен басқа еш сыбысы білінбейтін кең дала, бақытты халық – міне, тәуелсіздік деген осы, жарқыным! – деп атасы құлашын кең жайып, айналасын нұсқады. Қыз болса әсем алтын күнге, жасыл кілем жерге қарап қуана түсті. Көңілін белгісіз бір шаттық кернеді.
- Солай, айналайын! Сендер бақытты ұрпақсыңдар! Биыл, міне, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне бес жыл ғана толды. Ал, келешек тіптен жарқын болмақ. Сен бойжетіп, сабағыңды бітіріп, үлкен оқу орнында білім алып, мынау қарт ата-әжеңді асырап, егемен елің үшін қызмет ететін боласың! Тек сол күнге аман-есен жетейік, лайым! Енді бір он-он бес жылда еліміздің күні тіптен ғажап болар. Қазақстанның дамыған мемлекет болғанын біздің де көруімізге жазса екен Жаратқан… – деп көзіне жас алды қарт бәйтерек. Шат балапан ата сөзінің жартысын ұқса, жартысын ұқпай мойнына асылды…
…Сол жазық дала. Жайқалған желек ағаштар. Жайнаған жасыл шөп. Сонау жырақтан аспанмен таласқан зәулім үйлердің шатыры, зауыт төбесінен будақтаған түтіннің бейнесі көрініп, заулаған көліктердің шуы құлаққа келеді. Бұрынғы ауыл орнында үлкен қала бой көтергендей. Бұдан басқа бұл маңда еш өзгеріс жоқ. Тек сол байтақ жайлаудың бір бұрышынан шағын қорым орын теуіпті. Бұл – кезінде елінің көркейе түсуін тілеген қарияның, жарқын келешектің кемеліне сенген алып бәйтеректің бейіті еді. Бейіт басында соңғы үлгіде қиылған шашын ақ жаулықпен жасырған бойжеткен отыр. Енді ол атасының орнына сол бір қиянға өзі қарайды. Сол кішкентай балапан енді қанаты қатқан аққудай мұңлы көздерін бір нүктеге қадап, ойға шомады:
– Аташым менің! Тәуелсіздік сөзін алғаш ұқтырған өзің едің… Еліңнің ерен ертеңіне де имандай сенуші едің ғой. Менің егемен елім үшін қызмет еткенімді тілейтінсің… Міне, еліміз дамыған елу елдің қатарына да қосылды! «Нұр Отан» партиясымен бірге жаңа қиянға қадам басты. Мен де сол партияның мүшесімін. Өз мамандығым бойынша білім алудамын. Бәрі қалағаныңдай орындалуда-ау, тек сен жоқсың… Дамыған Қазақстанды өз көзіммен көруге жазсын дейтінсің… Әттең…
«Елім» деп жанын тербегендер үшін,
Бұл күнді көзбен көрмегендер үшін,
Мәңгілік жасай берші, Қазақстаным,
Жүрегін шаттық кернегендер үшін!