jyrqasyr
Төнере берме төбеңнен сенің төнсе мұң
Төнере берме төбеңнен сенің төнсе мұң,
Бақыттың құрар ол да бір мұнар бөлшегін.
Дүбәра болмай дүниеден дүрмек өтерсің,
Жан- жүрегіңе орната алсаң өр сенім.
Қасқайып тұрып бұзарсың әлі тас қамал,
Малынып шыққа тұрмасын бота ,жас жанар.
Ұмтылуға нақ лайықты жақұт –адалдық,
Адамдық шыңы дәл осы тұстан басталар.
Алдау мен арбау, өтірік өрге баспайды,
Бұл күнде пайда бір қара бастан аспайды.
Алуды білер,беруді бірақ ұмытқан,
Әркімге, әттең, өзіндік қана бақ қайғы.
Өң түсі солғын, сол бір санатқа өтпегің ,
Абырой емес, мейірім болсын төккенің.
Дара тыныста жаратылыста санаулы,
Сауапты жина,жиғанша қылбыр, өкпе -мұң.
Кім бізді осы тастады екен мешел ғып?
Дауасын ізде ,кертартқан мына кеселді ұқ.
Бірде- бір ,сірә, ұғынған жан жоқ,әй бірақ,
Айтылған ақыл,айтылар ақыл жетерлік.
***
Мұң береді соңыра ақталады,
Бәрібір сол көңілде қақ қалады.
Бірде қайғы ,ал бірде қуаныштан,
Оттан да ыстық жанардан жас тамады.
Терістікті орнатқан сана бекем,
Өзге сезім сондықтан алабөтен.
Түсіндіре алмаймын,түсінбейді,
Өз сырымды өзіммен ала кетем.
Арман- асқақ,үміті – дара дерсің,
Бәлки,ойсыз,болмысы бала дерсің.
Мендік бақты қайтесің алаң қылып,
Тек сенікі ,сенікі жан берсін.
Керек етпе күлкіні езудегі,
Жарқ ететін,бір мысқал кезің келді.
Амал қанша,еспейді өн бойыңнан,
Адамдыққа лайық сезім лебі.
Сен бағынба,бағынба заңдылыққа,
Өзің ғана ұғынған жанды ұлықта.
Қалауымды қылам деп жүргеніңде,
Айналып кетпегейсің «мақұлыққа»…
***
Мұңсыз қоғам ,жоқ ешбір,мұңсыз адам,
Мінсіз қоғам, жоқ ешбір, мінсіз адам.
Әлімсақтан сен асыл, жаратылыс
Ал қазір ше ? Неліктен құнсыз бағаң?
Неге дейсің, әуелі иман әлсіз,
Бұл сөзімді құп алып иланарсыз.
Жаратылыс Өзіңді ЖАРАТҚАНДЫ,
Қаншалықты шын еске жиі аласыз.
Қайдан келдім ,соңыра қайда барам
Көп күнәға құшағын жайған адам.
Көңілі жай болмас та ,сірә жанның,
Дүниенің қос қамын ойламаған.
Адам деген атың бар,затың дара,
Сен ашуға ,сараңға салқын қара.
Тіршілік пен құлшылық сыңар қанат,
Көгермесін нәпсілік құлқың ғана.
***
Жаратылған бір Алланың күшімен,
Мен әлемді ғажайып деп түсінем.
Тырыссамда жамандығын көрмеуге,
Түңілемін кей жандардың ісінен.
Түсініспей күйбеңінде тірліктің,
Ей ,адамзат, неге сонша дүрліктің.
Оза шапқан сан жүйріктің ішінен,
Сүрінсе ғой деп тіледің кіл мықтың.
Күдер үзіп жақыннан да жаттан да,
Пенде баққа ақ үмітін сатқанба
Жұмбағы мол десе де бұл өмірдің,
Жақсылықтан жамандығы артқан ба
Айықпайтын дауасы жоқ дерт келіп,
Ақсатқанба айбынымды өңкеріп.
Тұрлау таппай ойлағанда осыны,
Мұздай болып кетем кейде өртеніп.
Білем бәрі бас пайдасын ойлайды,
Адамзатқа қауіп қазір сол қайғы.
Қабірінде топыраққа толған көз ,
Дүниеде ,әттең бірақ тоймайды.
***
Өз көгіне орнатып бұла қайғы,
Талай пенде тағдырын кінәлайды.
Көп адамнан жәрдемді күтеді бек,
Бір Алладан керегін сұрамайды.
Үңілмей жүр, білімнің сандығына,
Көгермес ол,пейілдің тарлығы ма?
Бастығының бұйрығын екі етпейді,
Бас ұрмайды Жаратқан жарлығына.
Қарын қамы төріне сайлағаны,
Рух пен діл бағы қай уақ жайқалады?
Адасқанның әттең ай құлшылығы,
Тіршілікке тәуелді,байланады.
Үгітіне жат елдің толды басы,
Жырақта қалып халық мол мұрасы.
Дөңгелек дүниедей шыр айналып,
Алмасқан өмір сүру формуласы.
Аманат
Жылдар,жылдар өткеннен жырақтадық
Тәуелсіздік тағында тұрақтадық.
Шүкір…бүгін жасындай жанып тұрып
Жыр төгейін, тарихтан сыр ақтарып.
Шығарам деп жұртымды шыңға мына,
Ұран салдым от жүрек ұлдарыма.
Кешегі Керейменен Ер Жәнібек
Халқының құлақ түрген мұң-зарына.
Ескерусіз қалдырып зарлы үкімді,
Шырылдаған кеудеде жанды ұғынды.
Қаранардай қасқайып Қазақ дейтін
Қалады негіз салып хандығымды.
Көргенде міне осындай кереметті,
Ұлт жаны жұбанып елең етті.
Көзін тігіп ендігі қазынама,
Өзімсініп өзге де керек етті.
Бақыт берік бірліксіз тұра аларма ?
Тарих қайта шығарды сын-алаңға.
Дүрбелеңі заманның елдің тағы,
Салып қойды тағдырын бұралаңға.
Тарихыңды отырма бағамдап құр
Ерлік жолы жаңғырсын санаңда бұл.
Тәуелсіздік ақ таңын көреміз деп,
Болдық біз Исатай мен Махамбет жыр.
Қазағыма өлең-жыр рухыменен,
Дем берді ұлыларым жұртым деген.
Ахмет,Ілияс,кешегі Міржақыптар
Мен өлсем де өлмесін ұлтым деген.
Тарих,міне осылай сыр шертеді,
Емес ақын айтқаны құр ертегі.
Тәуелсіздік дегенде, жанарда жас
Мөлтілдейді, ал жүрек бүлк етеді
Желтоқсан …
Иә,иә жастарым ұмтылды алға,
Ол күн ,сірә,санадан ұмытылар ма…
Азат күнді аңсаған боздақтарым,
Жанарыңнан тамшы боп сыр тұнар ма!
Қайран ару қыздарым,есіл ерім,
Еңсе тікте деп елің еңселі елім.
Қайрат,Ләззат ,Ерболым,жалын жастар,
Желтоқсанда жо-жоқ сен жеңілмедің
Жеңілмедің ,азаттық-жеңісің ғой,
Мына бүгін сендегі сергісін ой.
Көгімдегі желбіреп тұрған жалау,
Сен қалаған еркіндік белгісі ғой.
Мен шынында бақытты жан екенмін…
Тәуелсіздік-тәтті сый ,тәу етемін.
Қайратыңды қанжар ғып суырып ап,
Дәлелдедің әділдік бар екенін.
Жүргеніміз әр сәтін балдай татып,
Мына уақыт,мына күн қандай бақыт.
Бостандығым әкелген қазағыма,
Бастан -бақыт,кетпесін маңдайдан құт.
Азаттығым қазаққа дара-бақсың,
Қадіріңді алам ба бағалап шын.
Бабаларым сеніммен табыстаған,
Тәуелсіздік -сен бізге аманатсың!