Жәке
Тұмар
(Қысқа метыражды көркем филім)
Кейіпкерлер
Тұмар – Әбіштің сүйген аруы 18 жас
Әбіш – құдық қазушы шебер 20 жас
Көшен – Сәрсенбайдың жалшысы 35 жас
Майра – Тұмардың жеңгесі 29 жас
Ерғазы – Тұмардың ағасы 40 жас
Сәрсенбай – Тұмардың әкесі, би 58 жас
Елшілер
- ЭКСТ. АУЫЛ. КҮНДІЗ.
Жұпыны киімдегі ауылдың жігіті, қыжым-қыжым көнекті (қайыстан жасалған шелек) алып, құдыққа тастайды. Шелек құдықтағы суға ортасынан батып тұрып қалады. Жігіт қыл мен жүн қосып шиырған арқанын тартып, құдықтан көнекті алып сап-сары лай суды ағаш науаға құйады, науаның жанында тұрған жылқы суға ұмтылады да осқырынып кері шегінеді. Камера панорама жасап ауылды түсіреді де, ауылдың қақ ортасында тұрған Үлкен ақ отауға жақындайды, қызыл желекті келін сырттан өреге жапқан шиді көтеріп отауға енеді.
КАДР ЖАЛҒАСАДЫ…..
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. КҮНДІЗ.
Камера келінмен бірге ішке енеді. Төрде қос елші мен Сәрсенбай, төменірек Сәрсенбайдың ұлы Ерғазы жайғасқан. Дөңгелек үстелдің босаға жақ бұрышында Сәрсенбайдың бәйбішесі ас-су әперіп отыр.
ЕЛШІ
Байеке бір кесіміңізді айтсаңыз, біз жүрейік.
СӘРСЕНБАЙ
(сәл ойланы отырып)
Бердім келісімімді.
Осы сөз естілгенде Ерғазы қолындағы кесесін сарт еткізіп түсіріп алады. Қос елші орындарынан тұрып, есікке қарай беттейді. Осы кезде атқосшы жігіт қонақтардың атын ұстап есіктің көзіне келеді.
- ЭКСТ. КИІЗ ҮЙДІҢ АЛДЫ. КҮНДІЗ.
Елшілер Сәрсенбаймен құшақтаса қоштасып.
ЕЛШІ
Көріскенше жұрт аман, ел тыныш
болсын!
Елшілер атқа қонады.
ЕЛШІ
Ал байеке, бұйырса ертеңнен қалдырмай жігітімізді жібереміз.
Елшілер аттарына мініп аяң желіспен кетіп қалады. Сәрсенбай сағым қуған сары даланың, келбетіне ұзақ қарап ойланып тұрады да, ішке енеді.
- ЭКСТ. ДАЛА. КҮНДІЗ.
Камера пейзаж түсіреді. Кадрға иығына қоржын артқан , аяғына шылғау секілді қойдың терісін ораған өңі жүдеу, бірақ келбетті жігіт көрінеді. Жігіт айналасына зер сала қарап, аяғын нық, әрі ширақ басады. Ауылдың маңына таяғанда балағын шаң қауып, жатқан топырақты қолына алып, ұстап, жерге құлағын түре жата кетеді де, бір нәзік судың сыңғырын естіп тұрғандай күлімдеп орнынан тұрады. Жерге қоя салған қоржынын көтеріп, уысындағы топырақты жерге сеуіп, ауылға қарай беттейді.
- ЭКСТ. АУЫЛ. КҮНДІЗ.
Шебер ауыл шетінде бір жігітке жолығып, бас шұлғысып, сөйлеседі . Әлгі жігіт жол көрсетіп, ылди басып, құдықшының алдына түседі де, Сәрсенбайдың үйіне енеді. Көп аялдамай, кері шығады. Осы уақыт аралығында құдықшы да Сәрсенбайдың үйіне жақындап қалады. Сәрсенбайда шапанын иығына жамыла, есіктің алдына шығады.
Әбіш
(қолын кеудесіне қойып)
Ассалаумағалейкум!
СӘРСЕНБАЙ
Уағалейкумассалам! Бар бол балам!
Әбіш
Мал-жаныңыз аманба аға?
СӘРСЕНБАЙ
Шүкір шырағым, дін аман…
Байқаймын Сағынай
аулылынан арнайы келген шебер боларсың?
Әбіш
Дәл өзімін аға. Ныспым – Әбіш.
СӘРСЕНБАЙ
Бәрекелді! Дәл уақытында келдің. Қане онда төрлет айналайын…
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. КҮНДІЗ.
Дастархан жайылып, ас әзірленген, төрде Сәрсенбай отыр. Есікке таман Әбіш орын тепкен. Одан төмендеу Ерғазы отыр. Ерғазы әкесіне қымыз толы кесені ұсына берді. Сәрсебай сөз бастады.
СӘРСЕНБАЙ
Ал балам, айтпасамда мән-жайды біліп отырсың. Құдықты қай маңнан қазбақ ойың бар?
Әбіш
Ауылдың күнгей жақ бетін құдық қазып, су шығаруға лайықтырақ жер деп отырмын аға…
Ерғазы келеке еткендей «Хех» деп мұрнының астынан бір мырс етеді.
Ерғазы
Иіскеп білдің бе? Су шығармақ түрін. Ол жер қолайсыз басқа жерден қаз.
Сәрсенбай қабағымен ұлын тыйып салады. Сәрсенбай сәл ойланып сөзін бастайды.
СӘРСЕНБАЙ
Ендеше балам, алыс жолдан шаршап келдің, уақытта біраз жерге барып қалыпты. Өзіңе арнап арнайы тіккізген үйіміз бар еді, соған барып деміңді ал шырағым. Жұмысты ертең бастарсың жарай ма!
Әбіш
Жоқ аға, сөзіңізді кессем айып етпессіз. Игі істің ерте кеші жоқ деген, лажы болса бүгіннен бастай берейін.
СӘРСЕНБАЙ
Құп көрдік онда балам. Ендеше ықылас жасайық.
(бата береді)
Ауелі құдай оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Басқа амандық берсін,
Асқа адалдық берсін..
Қазылар құдық құт болсын.
Суы шәрбат, сүт болсын .
Илахи аллаху акбар!!
Әбіш ақырын көтеріліп есікке беттейді. Сәрсенбайда ілесе тұрады.
СӘРСЕНБАЙ
Әй, Көшен?!
КӨШЕН
Ау аға!
СӘРСЕНБАЙ
Келген шебердің жанында болып, септігіңді тигіз. Қолыңнан келген көмегіңді аяма мақұлма…
КӨШЕН
Мақұл!
Көшен кеудесін қолына қойып, айтқаныңыз болсын деген ишарат білдіріп, Әбіштің қоржынын көтеріп жол бастап жүріп кетеді. Сәрсебайда ілесе шыға бергенде, Ерғазы әкесіне бұрылады.
Ерғазы
Әке! Ел қамы деп шешім қабылдадыңыз. Бірақ бір құдыққа бола әлпештеп өсірген жалғыз қызыңызды бермексіз бе?
СӘРСЕНБАЙ
(қабағын түйіп)
Әй, балам! Ел-жұртымның аузын ас суға жарыту үшін, бір құдыққа бір қызым түгілі, жүз қызым болса да беруге әзірмін. Ақылың болса, әкеңнен озып алдымды кеспе!…
Қабағын түйген қалпы, кері бұрылып төрге қарай жақындайы, Ерғазы ізеттік танытып үн-түнсіз сыртқа шығып кетеді.
- ЭКСТ. АУЫЛ. КҮНДІЗ.
Көшен Әбішті бастап үйге кетіп барады. Осы кезде жеңгесіне көмектесіп жүрген Тұмарды байқап қалған ол орнында сілейіп түрып қалады.Тұмар да көз қиығымен жанай өтеді (камера қыздың көзін баяу монтажбен көрсетуі тиіс). Мелшиіп тұрған Әбішті Көшен түртіп оятып алады. .
КӨШЕН
(қылжақтай)
Жүр енді… Тесіліп қарадың ғой сонша!
Әбіш сәл езу тартып жымияды да көшеннің соңынан ерген беті, дегбірсізденіп оның жанына жетіп барады.
Әбіш
Көшен, бұл кім?
КӨШЕН
А…! Сәрсенбайдың жалғыз қызы, Тұмар.
Әбіш
(ойланып тұрып қалады)
Әбіш…
(басын сипап)
Бұндай керімнің қалың малы, менің шашымнан көп шығар?
КӨШЕН
Не…? Не үшін келгеніңді білмейсің бе?
Әбіш
(таңдана)
Осы ауылға құдық қазсын деп бұйырған..
(кібіртіктеп)
Хі.. Өтінген.
КӨШЕН
Бұйырса да, өтінседе… Тұмардың құны, сенің құдығыңдай ғана.
(қылжақтап)
Сағынайдың құдықпен құда түскенін білмеп пе едің?
Әбіш
(көңілсіздене)
Олай деме. Оның жарқ еткен жалғыз жанарының өзі менің құдығымнан терең. Тұңғиық, жұмбақ…!
Әбіш пен Көшен құдықтың жанына жақындайды.
- ЭКСТ. ҚҰДЫҚ. КҮНДІЗ.
Құдықтың жанына қоржынды бұрқ еткізіп тастап, құралдарын алып, Әбіш ескі құдықтың түбіне ептеп түсіп кетеді.
Әбіш
Мен қаза берермін, Ал сен
(қолымен нұсқап)
Ана төбенің етегінен тас тер.
КӨШЕН
Тас деген жақын жерде де толып жатқан жоқпа, босқа жанды қинап сонау жерден тас жинатқаның не?!
Әбіш
Қырдың қиыршық тасы емес, үлкендігі адамның басындай малта тас керек.
КӨШЕН
Әй! Аңқау елге арамза молда, бұл Көшенге бәрі қожа. Дегенің-ақ болсын…
Көшен күңкілдеп кетеді. Әбіш бір қабат сырт киімін шешіп тастап, ышқырланып жеңін түріп, құдық қазуға кіріседі. Сүймен мен, жерді ұрғылап, терлеп-тепшіп қазып жатады. Бір кезде терін сүртіп. Құдықтың жанына сүйеніп ауыл жаққа көз жібереді. Киіз үй маңында жүрген Тұмарға қарап тағы ойланып тұрып қалады. Осы кезде Көшеннің дауысы шығады. Тұмар селт етіп жақындап қалған Көшенді көреді. Қайта бұрылып кері қараған сәтінде үй маңында Тұмар жоқ өзге жаққа кетіп көрінбей кетеді. Әбіш сәл ғана күрсініп, сүйменімен жерді қаза береді. Көшен тасты қотарып, құдықтың жанына жетті.
КӨШЕН
Күн кешкіріп қалыпты, бүгінге осы да жетер. Жер де қатты секілді. Ертеңге де жан керек.
Әбіш жерді пәрмендеп бір қопарадыда, көзін қалқалап, батып бара жатқан күнге қарайды.
Әбіш
(ентігіп)
Күн ұясына батайын депті-ау.
(құдықтың ернеуінен қолын тосып)
Ал жарайды онда…
Көшен Әбіштің қолынан ұстап жоғары шығарады.
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. ТҮН. (мүмкін тапчан болады)
Көшеннің жұпыны киіз үйі, Сәрсенбайдың үйіндегідей емес. Жұпыны туырлықтың тесігінен жұлдыз санауға болады, үйдің ішіндегі ескі қара сандық пен құрал жабдық, айыл ертоқомдардан басқа, іліп аларлықтай басқа ештеңе жоқ. Төсек емес жерге сырмақ жазып үстінде аспанға, қарап ойланып Қадыр жатыр. Көшен ортаға от жағып орнына жантаяды. Әбіш қолын басына қойып ойланып жатып, сырттағы сыңғырлаған Тұмардың күлкісіне селт ете түседі. Қосылып жеңгесінің де үні талып жетеді.
МАЙРА
(күліп)
Ерке қыз, қой енді.
Әбіш тың тыңдап отырып қалады…
Қайтадан төсегіне жайғасады
- ФЛЭШБЕК. ҚҰДЫҚ МАҢЫ, КИІЗ ҮЙ. ИНТ, ЭКСТ. КҮНДІЗ, ТҮН.
Таң атады. Әбіш құдық жұмысына белсене кіріскен. Арасында Тұмарды көрген сәтте ғана басын көтеріп, ішінен әлдене қайталап, еріндері күбірлеп тұрады (дұға сияқты көрінсе дұрыс). Көшен тас тасып, төмпешік жасап тастаған. Әбіш күнде жатар мезгіл жеткенде күлімдеп ұйқыға кетеді.
Пы.сы: Түс көрінісі. Аспан. Жұлдыздар. Үркер кейіптегі Әбіш Жетіқарақшы алып қашқан Тұмарды қуып келеді. Кенет аты аударылып, өзі де құлайды. Ал енді бірде Тұмар мен Әбіш құдық басында отырады. Су шығыпты. Мөлтілдеп тұр. Құдық бетіне ай сәйулесі шағылысып, дір- дір етеді. Тұмар алақанына құдықтан су алып, Әбіштің аузына тоса бергенде су құмға айналып, Тұмардың қолынан сау ете қалады. Тұмардың өзі де сол сәтте ғайып болады. (ЕСКЕРТУ: Әбіш оянса терге малшынып, түске бастырылып жатыр екен)
- ЭКСТ. ҚҰДЫҚ МАҢЫ. КҮНДІЗ.
Көшен құдықтың жанына тас үйеді. Құдық едәуір тереңдеген. Әбіш қысқа күрекпен, тері дорбаға құдықтың топырағы салып жатыр. Әбіш Арқанды қозғап жоғары қарап, маңдайының терін сүртеді.
Әбіш
Болды тарта бер…
Көшен арқанды тартып алып, ішіндегі топырақты анадай жерге төгіп, арқанды кері түсіреді.
КӨШЕН
Келгелі тас тасыттың. Өз моламды өзім үйгендей болдым ғой. Біздің ауылда бір Төлеген дейтін саңырау болып еді. Жарымжан болатын байғұс. Әкесі жұмысқа кеткенде, кешке тас үйіп күтіп отырады екен. Ондағысы тасқа шығып, әкемді көрем дегені ғой.
(Көшен осы сәтте иінінен дем алып, бір күліп алады).
Мына жиғаным жете ме?
Әбіш ентігін басып жоғары қарайды.
Әбіш
Кәне, тартып ал.
Көшен арқанның келесі ұшын ұстайды. Әбіш арқанмен тырмысып жоғары шығады. Құдыққа аяғын салбыратып отыра кетеді де, торсықты алып сусын ішеді.
Әбіш
(үйілген тасқа қарап)
Жетіп қалады… Айтпақшы өткенде Тұмарды қашан әкетеді дедің?
КӨШЕН
А… Шамасы мына құдық біткеннен кейін ғой деймін…
Осы кезде Сәрсебай бәйбішесімен, қасына тағы бірнеше адаммен атқа қонып, түскей жақты бетке алып жолға шығады. Киіз үйден іле шала шығып Ерғазыда соңдарына ілеседі. Кетіп бара жатқан Сәрсебайлар шебердің маңайына жақындап қалғанда Әбіш пен Көшен қолдарын кеуделеріне қойып сәлем береді. Сәрсенбай сәлемдерін қабыл алып басын иеді.
СӘРСЕНБАЙ
Қолдарың жүрсін жігіттер!
КӨШЕН
Әумин аға!
Ерғазы бұларды жақтыртпай қастарынан өтеді.
- ЭКСТ. АУЫЛ ШЕТІ. КҮНДІЗ.
Ерғазы желдіртіп келіп Сәрсенбаймен қатарласады.
Ерғазы
Аман барып қайтыңыздар, әке!
СӘРСЕНБАЙ
Айтқаның келсін балам.
Ерғазы
Мына құдықшының, жүргеніне ай болды. Күніне сүйем жер қазса да, түбіне жетер күн болған жоқ па?
Сәрсенбай қолын көтеріп Ерғазыны тиып салды.
Ерғазы
Түсіндім… Бірақ құтты құдық емес, құмды құдық болып шықпасын..
Сәрсенбай мырс етті де жүре береді. Ерғазы тізгінін тежеп, етекте жайылып жүрген ауыл малына қарай бет түзейді.
- ЭКСТ. ҚҰДЫҚ МАҢЫ. КҮНДІЗ.
Әбіш малға қарай кетіп бара жатқан Ерғазының сыртынан бір қарайды да құдықтың ішіне өзі түсіп, ары қарай қаза түседі.
Әбіш
(көңілсіздене)
Қара топырақ дымдана бастады.. Суға таяп қалдық.
Гүрсілдетіп бос топырақты қаза береді.
КӨШЕН
Айтпақшы.Сәрсенбайлар қонаққа кетті. бүгін кеште бастаңғы болады.
Әбіш сәл ғана бетін бұрып күлген қалпы, жерді қаза түседі.
- ЭКСТ. АУЫЛ. ТҮН.
Алтыбақан басында жастар ойнап күліп, ән шырқауда далаға алау жағылған. Адамдар арасында Әбіш жүр.
МАССОВКА
(сыңғырлап күліп)
Ал енді кімнің кезегі.
Әбіш алтыбақанға ұмтылады. Аяғын арқанға салып басын көтергенде, алдында Тұмар тұрады. Екеуі қосылып әнге салады
…
Талдан таяқ жасбала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды
Ән салшы бірбала ай!
Қос етек бұраң бел,
Қуалай соғар қоңыр жел…
…
Қыздар, жігіттер
Ай, бәрекелді!
Қыздар
Ал жігіттер енді кезек сіздердікі.
Әбіш
Ақ бөбек кеткеніңбе серттен тайып,
Адамды алла айырар Бөбегім ерлі-зайып ай…!
Дауысымды танымасаң… ахау…ахау…
Танытайын,
Баласы Қорабайдың Бөбегім атым Қайып ай…!
…
Әбіш пен Тұмардың әніне бүкіл дала толқиды. Әнмен бірге флэшбек секілді Қос ғашықтың бір-біріне үздіге қарап мәз мейрам жастар арасында, бір бірлеріне үздіге қарап жүрген бейнелері. Флэшбекпен бірге әнде бітеді.
Әбіш пен Тұмар жастардан бөлек жерде қалады. Үнсіз ғана бір-біріне елжірей қарайды. Сырт жақтан, күліп ойнаған қыз-жігіттердің даусы, естіледі.
Әбіш
Нұр жүзді жамалыңның, адамды алжастырар сиқырлы күші, азат басымның ақылын тежеп, тақымын қысқанда тағат таппағаным рас. Бірақ…!
Тұмар
Аяғыңызға тұсау болған қалың малымның өтемі құдық бола тұрып, өзгеге атастырылғаным ба?. Ақиқатына келсек сол құдықты қазған сіз емессіз бе?
Әбіш
Тең емеспіз…
Тұмар
Қандай теңдік, әділдік қайда?
Әбіш
Жоқ, түсінші. Сіңірі шыққан мына мен…
Тұмар
Түсінгім келмейді.
Тұмар сәл үнсіз қалады.
ТҰМАР
(тынысын терең алып қабағын түйеді)
Тең емес екенімізді білсең. Бітеу жараның аузын тырнап, не үшін тәуекел еттің? Тәуекел еттің бе, соңына дейін бар. Өзгенің етегінен ұстап қор болғанымша, өзіңмен бірге біреудің есігінде күң болғаным артық…
Әбіш ойланып тұрып қалады. Енді сөз бастай бермекші болғанда Тұмардың жеңгесінің дауысы естіледі.
МАЙРА
Ерке қыз… Ерке қыз.
Тұмар
Ау, жеңге.
Тұмар ылдилап кетіп қалады…
МАЙРА
Қайда жоғалып кетті десем мында екенсің ғой!
Әбіш ойланған қалпы тұра береді.
КЕЛЕСІ САХНАҒА МОНТАЖНЫЙ ПЕРЕХОД.
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. ТҮН.
Әбіш аспанға қараған қалпы ойланып жатады. камера жоғарыдан төмен қарай айналып түсіріп түр. (за кадровый звукта елес секілді) Әбіш пен Көшеннің айтқан сөздері еміс-еміс естіледі. Әбіш шаршаған күйі бір терең тыныстап басын сәл жоғары көтеріп көзін жұмады.
- ЭКСТ. ҚҰДЫҚ МАҢЫ. ТАҢ.
Көшен мен Әбіш құдық маңына келеді. Көшен құдыққа үңіледі де, түбіндегі суға қарап қуанып кетеді. Жаңа ғана күліп келе жатқан Әбіштің көңіл- күйі түседі. Көшен ауылға қарай жүгіре жөнеледі.
КӨШЕН
Кеттім, байекеңнің үйіне хабарлайын.
Әбіш
Тоқта…
Әбіш не істерін білмей арлы-берлі қарайды. Көшен не бүлдірдім дегендей тұрып қалады.
Әбіш
Ешкімге айтпа…
КӨШЕН
Неге?
Әбіш
Әлі бітпеген жұмыс бар. Біткенде айтамыз.
КӨШЕН
Патша көңілің білсін. Менің аузымнан сен айт демейінше сөз шықпайды. Хі, хі…
Әбіш құдыққа ептеп түсіп кетеді. Су Әбіштің тобығынан келіп тұр. Қолымен ақырын судың астын қолымен сипап көреді де, Көшенге бұрылады.
Әбіш
Сүйменді берші.
КӨШЕН
Мә!
Көшен ақырын сүйменді ақырын сырғытып береді. Әбіш сүйменді алып жерді бір неше рет ұрып жібергенде судың бетіне бұрық- бұрық етіп су шыға бастайды.
Әбіш
(жымиып)
Қайнарды көрдің бе?
Көшен таңданып қарап қалады.
Әбіш
Ендеше жиналған тастарға қол жалғап жібер.
КӨШЕН
Оны не істемексің.
Әбіш
Біткенде ешкім көрмеген ғажапты көресің… Ал ендеше тездет.
Көшен тасты қапқа салып беріп тұрады. Әбіш әр тасты дұрыстап қарап ептеп, қойып жатады. Тастарды жарты қазық көтеріп судың бетімен бірдей қылады. Күн кешкіре құдықты таспен толтырып, жоғары қарай үзеңгі бойы биіктікке көтеріп жинап тастайды. Әбіш Көшеннің арқасынан, қағады.
Әбіш
Жарадың…
КӨШЕН
(қалжыңдап)
Су шыққан құдықты таспен бітегенің, расыменде ешкім көрмеген қызық екен.
Әбіш
Қызық әлі алда, көресің.
КӨШЕН
Қызықтың көкесі бай ашуланғанда болады- ау!.
Әбіш
Сеніңде шығармайтының жоқ.
КӨШЕН
Мен емес, қайта керісінше. Айтшы ал, түнеу күннен бері сонау даладан тас жинаттың… Құдықтан су шықты. Оны таспен бекітіп тастадың, сол тасты төге салсаңда болатын еді, оны өзің бір- бірден өз қолыңмен жинағандай-ақ!..
Көшеннің күбірі мен екеуі үйге қарай аяңдайды.
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. ТҮН.
Көшеннің жұпыны үйі. Ортадағы отта мосыға ілініп шәугім тұр. Көшен қисайып жатыр. Әбіш бізбен қоржынының шетін тігіп отыр.
Әбіш
Егер мен кетсем, мына құрал-саймандар саған аманат.
КӨШЕН
Айтады екенсің, Сенде күні ертең кететін адамға ұқсап.
Камера жанған отты түсіреді.
МОНТАЖНЫЙ ПЕРЕХОД.
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. ТҮН.
Сәрсенбайдың үйі. Бәйбіше сорпа ұсынып отыр. Сәрсенбай ортадағы табақтан етті асауда. Тұмар ақырын орнынан тұрып тысқа шығып кетеді.
- ЭКСТ. АУЫЛ. ТҮН.
Сыртта жүрген Тұмар киіз үйді айнала бере алысырақ тұрған Әбішті байқап қалады.
Әбіш
Тұмар…
Тұмар қарамай жүруге ыңғайланады..
Әбіш
Айтар сөзім бар…
Тұмар тоқтап қалады. Әбіш ақырын тұмарға жақындайды.
Әбіш
Тәуекелге бел бусаң соңына дейін жет дедің ғой. Бүгін жетті. Сөзіме құлақ түрсең таң қылаң бере…
Тұмар саусағын шошайтып үндеме дегендей белгі береді. Ақыры шетке қарай кетеді.
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. ТҮН.
Сәрсенбайдың үйі. Ерғазы сөз бастайды.
Ерғазы
Ай асты, құдықтың бітер түрі жоқ секілді… Сағынаймен ат құйрығын кессеңіз қайтеді…
Сөз арасында Майра сыртқа қарай шығып кетеді.
- ЭКСТ. АУЫЛ. ТҮН.
Майра сыртқа шығады киіз үйден алысырақ барып, жан-жағына қарайды.
МАЙРА
Ерке қыз!..
Осы кезде аздап көзіне жас алған Тұмар көрінеді.
ТҰМАР
Ау жеңге!
МАЙРА
Өй, жылағансың ба?..
ТҰМАР
Сізге айтар сөзім бар.
МАЙРА
Құлағым сенде…
- ИНТ. КИІЗ ҮЙ. КҮНДІЗ.
СӘРСЕНБАЙ
Дұрыс айтасың. Жұртымды ауыз сумен қарық қылар деп едім, жетер енді. Құдықшыны ел- жұртымыздың жол жосыны бойынша кәдесін беріп еліне қайтарыңдар. «Қаратасты қанша сықсаңда май шықпайды»- деген көненің сөзі рас…
Осы кезде үйге Майра мен Тұмар енеді. Майра ақырын жиналған жүкті алып жатар орынды дайындайды.
МОНТАШНЫЙ ПЕРЕХОД КЕРЕК
- ЭКСТ.АУЫЛ. КҮНІҢ ҚЫЛАҢ БЕРЕР ШАҒЫ.
Үйдің бұрышында, қос атты ұстап Көшен мен Әбіш тұр. Әбіштің жүзінде қобалжу бар. Көшен таңның ызғары жыртық шапанынан өтіп қолын уқалап бүрсең қағуда.
КӨШЕН
Келетініне сенімдісің бе?
Әбіш қылғынып үндемей тұрады.
КӨШЕН
Әбіш деймін…?
керең болдың ба?
Әбіш тесіліп қараған қалпы тұрады да бір кезде жымиып жібереді.
Әбіш
Қара келе жатыр.
Үйден шығып, Тұмар мен жеңгесі бері қарай жүреді. Майра мен Тұмар Әбіштің жанына жетеді. Тұмар атқа мінбек болып ұмтыла бергенде. Майра көзіне жас алып Тұмарды құшақтап алады.
МАЙРА
Жолдарыңда жаным садаға. Қайда жүрсеңдерде аман болыңдар.
Тұмар көзіне жас алады. Мұрнын тартып үнсіз жылай береді.
МАЙРА
(жеңімен жасын сүртіп)
Ал енді кідірмей аттаныңдар.
Әбіш, Тұмарды қолтықтап атқа мінгізіп жіберіп өзі де атына қарғып мінеді. Майра қолындағы қоржынын Әбішке береді.
МАЙРА
Мынау талғажау етер азықтарың.
Әбіш қоржынды алдына өңгеріп жүруге ыңғайланады. Майра ат тізгінінен ұстап алып. Қолындағы білезігі мен сақинасын шешіп Тұмардың қолына ұстадады.
МАЙРА
Мынаны алыңдар, пұл болса да кәделеріңе жарайды.
Әбіш
Рақмет сізге жеңге!
Тұмар
Жеңге…
Деп жыламсырап барып, үнсіз қалады. Әбіш атын тебініп Тұмардың атын жетектеп жүріп кетеді.
- ЭКСТ. ДАЛА. ТАҢ
Қозағалыстағы кадр. Камера иен далада шауып бара жатқан қос ғашықты түсіреді.
- ЭКСТ. АУЫЛ. ТАҢ.
Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Көшеннің киіз үйі.
Ерғазы
Ей, малғұн!
Көшенді киіз үйден сыртқа шығарып жерге домалатып түсіреді.
Ерғазы
Көрсетейін мен саған. Қайда кетті, ол малай? Айт!!!
Көшен дірілдеп қалшылдап аузына сөз түспей қалады.
Ерғазы
Өй әкеңнің аузы…!
Ерғазы сүйеулі тұрған сүймен көтерере бергенде.
КӨШЕН
(қолымен нұсқап)
Үстіртті бойлап, терістікке..
Ерғұлан қабағын түйген қалпы, кермеде тұрған жалғыз атқа мінеді де ,шауып кетеді. Көшен «уф» деп көзін жұмып жыламсырай орнынан тұрады.
МАССОВКА
(алыстан айқайлап)
Мына құдыретті қараңдар. Байеке, байеке…
Көшен селт едіп дыбыс шыққан жаққа қарай аяңдап басып жүріп кетеді.
- ЭКСТ. ШАТҚАЛ. КҮНДІЗ.
Ерғазы аты сауырлатып шауып бара жатыр. Алыстан екі қара көрінеді.
Тұмар мен Әбіш аттарын аяңдатып келеді. Бір кезде еміс –еміс естілген аттың тұяғының дыбысынан Әбіш артына сел етіп қарайды да шошып кетіп, атты қамшылап Тұмар екеуі шаба жөнеледі.
Қуғын кадры.
Біраз жер шауып барғанда Әбіш пен Тұмардың аттары болдыра бастайды. Бір кезде екеуі жарға келіп тіреледі. Осы кезде арттарынан Ерғазыда жетеді.
Ерғазы
Тоқта! Сілімтік. Көрсетейін мен саған.
Ерғазы аттың үстінен Әбішті алып жерге құлатады да, аттан қарғып түсіп қанжарын алып қадай бергенде, қанжардың алдына Тұмар ұмтылады
Тұмар
Жоқ!!!
- ЭКСТ. АУЫЛ. КҮНДІЗ.
Таспен жинаған құдықтан су ағып тұр. Сәрсебай құдықтың басына келіп мөлдір ағып тұрған судан қос уысына толтырып су ұрттайды да, шөл қанған адамша көңілдене тұрып өзіне не болды дегендей мырс етіп, кең далаға көз жібертеді.
- ЭКСТ. ДАЛА. КҮНДІЗ.
Ерғазы оң жақ қолы қан-қан еңсесі түсіп тұманды ойға батып аяңдап келеді.
- ЭКСТ. ШАТҚАЛ. КҮНДІЗ.
Ерғазы қанжарын сермей берген сәті.
Тұмар
Жоқ!!!
Ерғазы дауыстан тоқтап қалады. Тұмар ағасының алдын кесіп тұра қалады.
Тұмар
Құлың болайын, аға! Әбішті өлтіре көрмеші, кексіз қайтпайтын болсаң мына менің жанымды ал. Аға, ағатай..
(өксіп жылайды)
Ерғазының қолындағы қанжар жерге түсіп кетеді. Қарындасын құшақтап басынан иіскейді де.
Ерғазы
(сабырлы түрде)
Жолдарың болсын, шырағым…
Тұмар, басын көтеріп Ерғазыға қарайды да ағасын құшақтап алады.
Тұмар
Аға….
Ерғазының көзіне жас үйіріледі.
Ерғазы
Болды кетіңдер.
Жерден қанжарын көтеріп, қос аттың құлағын кесіп ен салады. Құлақтан аққан қан Ерғазының қолына жұғады.
Ерғазы
Өзге жерде жылқының енінен танымасын.
Ерғазы кері бұрылып Тұмар мен Әбішке қарамай далаға тесіледі.
Тұмар Кері бұрылып ағасына асыла кеткісі келгенде. Ерғазы қатулы көзбен Тұмарға қарайды.
Ерғазы өзге жаққа тесіліп қарап тұрады. Тұмар мен Әбішті аттарына мініп жүріп кетеді. Олар көрінбей кеткеннен кейін ғана, тынысын терең тартып, ызасы келіп артына бұрылады. Осы кезде жас ағаштың бұтағына байлап кеткен Қарындасының шыт орамалын көреді.
- ЭКСТ. ҚҰДЫҚ МАҢЫ. КЕШ.
Ерғазы аяңдап ауылдың жанына таяп қалған. Сол қолымен қойнынан бағанағы орамалды алып шығып, иіскеп ақырын сипайды. Осы кезде сылдыраған судың дыбысын естиді. Тас құдықтан сылдырап ағып жатқан суды көреді де күліп, орамалды қайта қойнына тығып кетіп қалады.
Әдемі кадр. Батып бара жатқан күн. Және құдық.
СОҢЫ